26.06.2024, 9:04
Оқылды: 303

«Дертке шипа, денге күш»: теректілік отбасы қымыз дайындайды

Қазақ жылқыны ерекше бағалап, қасиет тұтқан. Төрт түліктің ішіндегі төресі де осы жылқы. «Жылқы» сөзін естігенде елеңдемейтін, қаны тасып қайраттанбайтын қазақ жоқ шығар, сірә?! Ата-бабамыз «жылқы – малдың патшасы, түйе – малдың қасқасы» деп ерекше дәріптеген. Түйе – салтанат, жылқы – мақтан, қой – қазына, сиыр – қанағат деп мақтаған.
Қымыз халықтың қасиетін, дәулетін, салтанатын, байлығын, мырзалығын, дастархан берекесін білдіретін ырыс белгісі. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Бұл тек қана қымыз емес, халықтың рухы. Қымыз тірі қан. Халқымыздың, керек болса мемлекетіміздің асыл қаны» деген өсиет сөзінен ұлттық сусынымыздың қаншалықты
қадірлі екенін аңғарып отырмыз. Сондықтан да біз қымызға айрықша мән беруіміз керек.
Ұлттық сусынның құрамындағы бай дәрумендер адамның ағзасына пайдалы екенін ата-бабамыз кейінгі ұрпаққа жеткізіп кетті. Қасқа жолдың иесі Қасым хан: «Біздің асыл дүниеміз – бір ғана жылқымыз, ләззат алатын асымыз – ет, сүйетін сусынымыз – қымыз», - депті. Бұл – айдай ақиқат.
9C332B2F-5BB2-496D-B92E-115331D7106B
Қымыз демекші, біз бүгін Талпын ауылының тұрғыны, ата кәсіппен айналысып, «Керейдің» қымызын елге ұсынып жүрген Әміржан Бекенов хақында әңгіменің тиегін ағытуды құп көрдік.
Бір қара сиырдан бастау алған іс 
Мал өсіру – қазақ халқының ежелден келе жатқан тарихи дәстүрлі шаруашылығы. Жастайынан осы кәсіпті қолға алуды армандаған Әміржан Керейұлы 2008 жылы «Керей» шаруа қожалығын ашты. Әу баста қолдағы бір ғана қара сиырдан бастау алған іс қазіргі уақытта өрге домалады.

– Мектепті тәмамдағаннан кейін Алматы қаласындағы әуе күштері әскерінде 
болдым. Негізгі мамандығым – дәнекерлеуші. Дана қазағымның «Еңбек етсең – емерсің» деген дана сөзі – өмірлік ұраным. Талпын ауылында дүниеге келіп, Орал қаласына қоныс аударып едім. Алайда «туған жерге туымды тігуді» жөн санап, қайта оралдым. Сөйтіп бүгінгі таңда мал басын асылдандырып, сиыр, жылқы ұстап отырмын. Жаз мезгілінде бие сауып, сиыр малын бордақылаймыз. Жалпы, қандай істі болмасын шын көңілмен, адал ниетпен қолға алсаң, берекесіне кенелесің, - деген кейіпкеріміз мал бағудың қыр-сырымен бөлісті.
Бір сөзбен айтқанда, мал шаруашылығы саласында ұзақ жылдар еселі еңбек етіп, жұмыстың көрігін қыздырып жүр.
3D706B77-2473-4D11-ACBC-F217B6691A9C
«Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады»
Айтпақшы, Әміржан ағаның атбегілік қасиеті де бар. Өңірде спорттық аттарды сұрыптап, қолтума аттарды өзіміздің отандық өнім ретінде дамытуды қолға алып жүрген ол соңғы жылдары жылқыларды күтіп баптайды.

– 2014 жылы атбегілікке бет бұрдым. Атбегілік – үлкен өнер. Егер бұл өнерді 
жоғалтып алсақ, қайта қалпына келтіру қиын. Мәселен, бокстан жаттықтырушы табылмаса, оны шет елден алдыртуға болады. Ал атбегіні әкеле алмайсың. Өйткені қазақтан артық аттың бабын білетін халық жоқ. Біз тұлпарды таңдап, сәйгүлікті сайлап
мінген үлкендердің көзін көрдік. Олар жануарды сырт пішініне қарап-ақ танитын. 
Солардың арқасында жүйрікті жаратудың түрлі тәсілін меңгердік. «Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады» дейтін қазақ бәйгеге қосар жылқыны жаратуға ерекше мән берген. Нағыз атбегі «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығатын жануарды алыстан таниды. Бүгінде қыл құйрықты жануарға қызығатындардың қатары көбейіп келеді, дейді Әміржан Керейұлы.

Естеріңізде болса, таяуда Қостанай қаласында бәйге түрлерінен ҚР чемпионатына аймақтық іріктеу турнирі өткен еді. Сайып келгенде, ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар жасөспірімдер спорт мектебінің бәйге бөлімінің спортшысы, подстепныйлық Саян Айболат 21 шақырымдық аламан бәйгеден І орынды қанжығаға байлады. Осы кішкентай Саянымыз – Әміржан Бекеновтің төл шәкірті. Атқа мінуге құмар балаларға ұстаз болуға Әміржан аға әрдайым әзір.

Дертке шипа, денге күш

«Сары қымыз – дертке шипа, денге күш» деуші еді бұрынғылар. Рас!

– Әу баста, қымыз өндіріп, оны сатамыз деген ой болған емес. Қымыз ішуді 
негізінен өзіміз үшін бастаған едік. 2018 жылы асқазаным ауырып, қасиетті сусынды ішуді жөн көрдім. Сөйтіп бие байлап, қымыз ашытып, саумал іштік. Кейін ауыл тұрғындары да үйге келіп ішіп, дәмі тіл үйіретінін айтып жүрді. Содан сұранысқа ие болып, тапсырыс қабылдай бастадық. Қазір жерлестерімізбен қатар, тума-туыс, басқа аудан, қаладан да тапсырыс түсіп жүр. Егер қымызымыз көпшіліктің көңілінен шығып жатса, онда неге ұлттық сусынымызды дәріптемеске, - дейді Әміржан Бекенов.
E5D39152-51FF-44A7-8D02-F04AE21B736A
Тынымсыз еңбек, төккен тер тегін кетпеді. «Қымызмұрындық» этнофестивалі, «Балқымыз», «Қымыз – жанға дауа, дертке шипа» сынды сан алуан байқауларға қатысып, жүлдесіз қайтқан емес.
Әміржан ағаның жары Ақтолқын Нықмұханова – ұлағатты ұстаз. Оның да кіндік қаны тамған жері – Талпын ауылы. Осы жерде 9 сыныпқа дейін оқып, 10-11 сыныпты Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-лицейде жалғастырған. «Мұғалім болсам» деген арман-мақсатының жетегімен 2000 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін қызыл дипломмен бітіріп, өзіне алғаш әріп танытқан алтын ұясында ұстаздық қызметін бастаған. Содан бері жылы орнын суытпай, аталмыш білім ордасында жұмыс істеуде.

Қатардағы мұғалімдіктен бастаған ол бір жылдан кейін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалған. Өз мамандығына адалдық танытып, тапжылмастан тер төгіп, көптеген шәкірттерінің қолына бақыт кілтін ұстатқан Ақтолқын Мұратқызын бақытты жан десек, артық айтқандық болмас. Ол кісінің тәрбиелі тәлімімен, ғибратты білімімен, өрелі өнегесімен ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөліп жүргеніне жалпақ жұрт куә. Мінекей, осындай ұстаз – ата-бабамыздан сақталған сары қымызды сапырып, көл-көсір пайдасын жіті түсінген жанның бірі. Шаңырағында ұлттық сусынның дәмін үзбеген, қымызды әзірлеуді күнделікті сүйікті ісіне айналдырған.

– Қымыз – биенің сүтінен дайындалатын денсаулыққа шипалы әрі жұғымды сусын. 
Ұлттық тағамдардың ішіндегі ең құрметті дастархан дәмінің бірі. Өзге тағамдарға қарағанда, қымызды дайындаудың әдіс-тәсілдері, салт-дәстүрі мен жөн-жоралғысы өте көп. Менің білетінім, көктемде туып, құлындаған бие байланып, сауылады. Биенің ашымаған сүтін «саумал» деп атайды. Оған арнайы ашытқы, яғни «қор» қосылып қымыз дайындалады. Алғашқы қымызды үй иесі өзі ішпейді, үлкендерді шақырып, ауыз тигізіп, батасын алады. Бұл дәстүр «Қымызмұрындық» деп аталады. Дайындау әдісіне, қасиетіне, сапасына және сақталу уақытына байланысты халқымыз қымызды бірнеше түрге бөледі. Олардың әр түрін жылқы жасының атауымен атайды, - дейді Бекеновтер әулетіне келін болып түскеніне 23 жыл толған Ақтолқын Мұратқызы.

080AF79E-F217-48E1-A2AC-303DA8B6CB07

Сары қымызды сапырған ұстаз Ақтолқын ұлттық сусынды жоғалтпауды, оны әрі қарай ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеуді көздейді. Міне, мұндай жандар барда ұлттық сусынның қазақ дастарханынан үзілмейтіні сөзсіз.
Тұрғындардың тілегі толассыз
Сабадағы дәмі таңдайға жағымды қымызды сапыра отырып, ішімнен «осы саумалды ішкен адамға шипа болып, ем дарыса екен» деп дұға-тілегімді оқып отырамын дейді Ақтолқын ханым.

Айта кетейік, саумалды ем үшін тұрақты ішетіндер бар, тіптен алыс-жақын ауыл-
аймақтан арнайы келушілердің қатары қалың. Мәселен, Алтынай Төрешова:

– Денсаулығыма байланысты саумал ішіп, емделіп жүрмін. Пайдасы мол, неше түрлі дәрумен бар. Жалпақтал ауылында тұратын іні-келінім де осы жерге әдейі саумал ішуге келіп жүр, - дейді.

Ал Венера Отарбаева «Керейдің» қымызы саттыққа шыға бастағаннан бері, тұтынып жүргенін тілге тиек қылды. Мақала жазу барысында «Саумалдың дәмі қалай?» деп талпындықтар мен келушілерге сауал қойған едік, көбі бір ауыздан мақтай жөнелді. Ендеше, ем болсын!

Қазақта жақсы азаматтың жалынды ісін, жарқын тірлігін көргенде, ел-жұрты сүйсініп, шынайы ризашылықпен «Әп, бәрекелді, өзі сегіз қырлы, бір сырлы жігіт екен» деп бағалап жатады. Осы бір ауыз сөзден азаматтың кескін-келбеті, болмыс-бітімі, барлық қыр-сыры жан-жақты ашылады. Біз де Әміржан ағайға «Әп, бәрекелдіден» басқа айтарымыз жоқ.
«Ағаш – жапырағымен, адам – ұрпағымен көрікті» дегендей, жұбайы Ақтолқын екеуі үш бала тәрбиелеп өсірді. Бәрін адал еңбекпен тапқан аспен өсірген ата-ананың балалары да өздерінің еңбегімен танылған. Тұңғышы Әли Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия факультетінің түлегі, бүгінгі таңда «Жайық Мұнай» компаниясында қызмет атқарады. Ал қызы Алина Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы медициналық университетінің 1 курсын аяқтап келді. Кіш ұлы Әлихан 7 сыныпты бітірді, озат оқушы. «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасынан жоғары ұпай жинап, БҚО бойынша алғашқы ондықта тұр.
Айтпақшы, осы кенжетайдың атқа деген қызығушылығы басым. Алматы қаласында өткен бәйге түрлерінен ҚР чемпионатына қатысып, жүлдегер атанды. Бәйгеден «Қазақстан Республикасының I разрядты спортшы» атағы берілді.
Өнегелі отбасының қашанда тірегі – әке, жылу таратар жүрегі – ана екені сөзсіз.

Тірлігі жарасымды жанұяның ісі – көпке үлгі болып, мәуелі бәйтерекке айналғай!

Самал Жамет
Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале