21.04.2022, 17:15
Оқылды: 56

Дина сурдлимпиадаға бармақ

1-15 мамыр аралығында Бразилияда XXIV жазғы сурдлимпиадалық ойындар өтеді. Кашиас ду – Сул қаласында болатын байрақты бәсекеге әлемнің 100-ден аса елінен 3 мыңға жуық спортшы қатысады. Олар 21 спорт түрі бойынша 205 медаль жиынтығын сарапқа салмақшы. Дзюдодан 52 келі салмақта жерлесіміз, яғни Бәйтерек ауданы Мичурин ауылының тұрғыны Дина Ержанова ел намысын қорғамақшы. Айта кетейік, бұған дейін сурдлимпиадалық ойындарға батысқазақстандықтар қатысқан жоқ. Сондықтан қашанда Ержанованың орны ерек болар анық.

6B601093-CE51-43BC-8B27-22133F7F93C8

2004 жылы дүниеге келген Дина Аралбекқызы 2018 жылдан бастап БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған клубында спорт түрлерімен шұғылдануда. Осы аралықта ол сурдо-дзюдодан ел чемпионы, ҚР кубогының иегері атанды. Өткен жылы Францияның Версаль қаласында өткен әлем чемпионатында бақ сынады. Дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері атанды.
Облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернатын тәмамдаған ол бүгінде Орал қаласындағы жоғары гуманитарлық-экономикалық колледжіндегі дене шынықтыру және спорт факультетінің 1-курс студенті.

4FC5A3BF-2651-4503-975E-03AA45D2C329

-Біз 8 сәуірден бері Алматыда оқу-жаттығу шарасындамыз. Мұнда бізге барлық жағдай жасалған. Қазір күшейтілген түрде жаттығу жасап жатырмыз. Бұйыртса 29 сәуірде Бразилияға ұшамыз. Динаның бабы жақсы. Қазіргі уақытта өзін тамаша сезініп жүр. Енді бағы жанып, қоржынға медаль салса екен деп тілейміз. Жарыс бағдарламасы бойынша дзюдо күресі 3-5 мамыр аралығында өтпекші. Бұл күрес түрінен Бразилияға барғалы отырған қазақстандық 12 балуан, соның ішінде Дина еліміздің абыройын асқақтатарына сенім мол,-дейді бапкері Теміржан Хасанғалиев.

8167CD17-4CC4-4D5F-B9BB-2302B4E91DD7

Айта кетейік, есту қабілеті төмен спортшылар арасында төрт жылда бір өтетін дүниежүзілік спорт додасының алғашқы ойындары 1924 жылы Франция астанасында өткен екен. Ол жарыс Еуропаның тоғыз елінен 148 спортшыдан құралған шағын жиын ретінде басталған. Қазір әлем бойынша айтулы додаға айналды. 1949 жылдан бастап Сурдлимпиадалық қысқы ойындар да ұйымдастырылып келеді. Ресми түрде ойындар алғашында 1924-1965 жылдар аралығында «Халықаралық саңыраулар ойындары» аталса, 1966-1999 жылдар аралығында «Бүкіләлемдік саңыраулар ойындары» деген айдар тағылды. 2001 жылдан бастап сурдлимпиадалық ойындар деп аталады.

 Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале