19.04.2023, 12:31
Оқылды: 22

«Дипломмен ауылға»: мамандар мемлекетке 7 миллион теңге қарыз

Жастарды ауылға орнықтыруда, сол арқылы елі көшкелі тұрған елді мекендердің етек жеңін жинап алуда «Дипломмен  ауылға» бағдарламасының үлкен рөлі болғаны рас.

акша1

Аталған бағдарлама жүзеге асқан  13 жылда Сырым ауданында 286 маман ауылға қызметке келгені үшін мемлекеттен көтермеақы алған. Бірақ көңілді түсіретін цифрлар да бар. Аудан бойынша 60 шақты маман «Дипломмен  ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үй салу үшін төмен пайызбен несие алып, уақтылы төлемеген. Олардың қарызының жалпы сомасы 7 млн 67 мың теңгені құрап отыр. Демек, әр 5-інші маман – үкіметке қарыз.

Осы мәселе кешегі аптада Сырым ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында негізгі тақырыпқа айналды. Жиынның төралқасындағы аудан басшысы Төлеген Төреғалиев, Сырым ауданының прокуроры Нартай Байменов мамандардан мемлекет қолдауына жауапкершілікпен қарауды талап етті.

Бұдан бөлек, комиссияның күн тәртібінде Сырым аудандық құрылыс бөлімінің бюджет қаражатын мақсатты игеру, мемлекеттік сатып алу қорытындылары, аудандағы мемлекеттік кірістер басқармасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарған жұмыстары тыңдалды.

Төлеген Төреғалиев адалдық пен әділдік – мемлекеттік қызметкерлердің халыққа ашық әрі қолжетімді болуынан басталатынын айтып, әріптестерінен азаматтарды қабылдау, олардың мәселелерін шешу ісінде бюрократиядан сақ болуға шақырды.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале