Ұлы Отан соғысының аяқталғанына да 80 жыл толады. Отан үшін отқа түсіп, аспандай биік ар жолында алысқанмен алысып, жұлысқанмен жұлысып, соғыс атты тажалдың аждаһадай аузында арандап қалмай, қаһармандық көрсеткен қазақстандықтарды жақсы білеміз және әр уақытта есімдерін мақтанышпен атаймыз. Біздің парызымыз – арамыздағы ардагерлерді қадірлей біліп, арамызда жоқтардың аруағына тағзым ету, олардың есімдерін мәңгі есте сақтау.
Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басындағы сұхбатында: «Жеңістің биылғы мерекесі Қазақстанның бірде-бір азаматын бей-жай қалдырмайтынына сенімдімін. Өйткені біздің елде сұрапыл соғыстың зардабын тартпаған отбасы жоқ деуге болады. Соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлердің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау – баршаға ортақ парыз», – деген еді.
Соғысқа біздің Ақжайықтан (Тайпақ, Чапай) 11209 жерлесіміз қатысса, солардың 4980-і майдан даласынан оралмады. Мерт болғандарынан «қара қағаз» келсе, хабар-ошарсыз кеткендері қаншама?! Тірі не өлісін білмей, туғанының жер басып жүргенінен үміт үзбей, сарғая күтумен ғұмыр кешкен қаншама адам өтті өмірден?! Осы ретте сұрапыл сол соғыста хабар ошарсыз кеткен боздақтарды іздеп, сауапты іс атқарып жүрген «Аталар аманаты» қоғамдық бірлестігі (төрағасы Мұрат Молдағалиев) бүгінгі таңда 20 мыңға жуық қазақстандықтардың тізімі бар екенін анықтап отыр. Жақында Смоленск облысындағы (Ресей жері) іздестірушілер жасағының командирі Наталья Максимова Днепр өзеніндегі өткел маңынан Қызыл Армия сарбазының құтысы табылғанын және оның иесі қазақ жауынгері болғаны жөнінде хабар тастапты. «Аталар аманаты» қоғамдық бірлестігі құрылтайшысы Әлия Сағымбаева айтқандай, табылған құты кейде күнделікті өмірде маңызды емес, елеусіз зат болып көрінгенімен, Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылындағы үлкен екі әулет Ерғалиевтар, Бозекеновтарға өшкені жанғандай қуаныш сыйлады.
Табылған құтының бетіне шегемен ойып: «Клишкали приб(ы)л 1940 7 ноября Дүйсенгалиев» деген мәтін анық жазылған. Қылышқали Дүйсенғалиев – біздің жерлесіміз. Ол Қызыл әскер қатарына 1940 жылы 20 қазанда шақырылған. Құтыда жазылған дата оның әскери бөлімге келген күні болуы керек. Сол құтыда «761» әскери пошта нөмірі де қашалыпты. Бұл нөмір Чита қаласында әскери іс-қимылдар жүргізілген 17-танк дивизиясының 5-механикалық корпусы бөліміне тиесілі.
Әскерге бірге 1940 жылы шақырылған майдангер Елеусін Суханберлиев 1946 жылы елге оралған екен. Ол «Біз Қылышқали екеуміз Оралдан бірге шыққанымызбен, оны Читаға, мені Моңғолия еліне жіберді» деп айтып отыратын.
Днепрдің бойынан құтысы табылған жауынгер кім? Сол жөнінде толық ақпарат бере кетейін. Қ. Дүйсенғалиев 1923 жылы Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданы, Қарауылтөбе ауыл округіндегі Қызылжар ауылында туған. Руы Қалқаман Тана, Сары бөлімі. Қылышқали әскерге алынғанда, артында Маржан 1930 ж.т., Шәріп 1935 ж.т., Дәріжан 1937 ж.т. есімді бауырлары қалған.
Аналарыы Жұпар 1938 жылы өмірден өткен екен. Әкелеріі Еркін соғыста хабарсыз кеткен ұлын іздеп, Мәскеуге дейін барып, еш дерек таба алмапты. Қылышқали бауырларын сағынышпен күткен Маржан мен Дәріжан «Нағашыларың тірі көрінеді» деген үмітпен өз ұрпақтарына айтудан талмайтын.
Аналарының бауырына сағынышын басқысы келген жиендері Риза, Жасұлан КСРО Қорғаныс Министрлігінің Подольскідегі архивіне де, Қызыл Крест қоғамына да хат жолдап, жауап ала алмаған.
Қылышқалидың қарындастары Маржан, Дәріжан кейін Тастай Ерғалиев, Сахи Бозекеновпен отбасы құрып, әрқайсысы 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде екі анадан өрбіген бөлелер өмірдегі жолын тауып, тату-тәтті ғұмыр кешуде. Туған жерінде туын тіккен қос әулетке жақсылық жақын жүргей деп тілейміз ауылдастар атынан.
Енді міне уақыт өте келе, елдегі сауапты жұмыстардың нәтижесінде, өзі болмаса да, нағашыларының қолына ұстаған дүниесі табылып, батыр азаматтың Днепр үшін шайқасқаны анықталды.
– Қайырымды істер арқылы екі әулетті қуантқан деректер анықталды, енді нағашымыздың қай жерде жерленгені білсек, – дейді жиендері Жасұлан мен Сабыр.
Ниет, тілек қабыл болғай!
Болат Душаев,
Ақжайық ауданының Құрметті азаматы,
Суретте: Жоғары қатарда ортада Елеусін Суханберлиев
оң жақта Қылышқали Дүйсенгалиев.
Ақжайық ауданы