Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Азамат Сафималиев шағын футболдан Жәнібек аудандық құрама командасын қабылдады.
Кездесуде Батыс Қазақстан облысы кубогын иемденіп, Нұр-Сұлтан қаласына жолдама алып, аудан намысын абыроймен қорғап келген құрама команда додада өткен қызықтарымен бөлісті. Турнирге республика бойынша 36 команда 9 топқа бөлініп қатысты. Команда капитаны Әлібек Кенжеғалиевтің айтуынша, турнирде мықты деген командалар бақ сынады.
-Нұр-Сұлтан қаласына жолдаманы алғаннан кейін команда мүшелерін өзіміз таңдап, бекіткен құраммен елордаға барып өнерімізді көрсеттік. Біздің топта Қарағанды, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары болды. Турнирде топқа түскен екі фаворит команданың бірі астаналық «Есіл» екінші, қарағандылық «К-MED» үшінші орынды иеленді. Өзіміздің ауданнан бөлек Казталов пен Жаңақала аудандарының құрама командалары облыстық жарыстарға белсене қатысуда, - деді команда капитаны.
Өз кезегінде аудан басшысы ауданның абыройын асқақтатып келе жатқан спортшыларға сәттілік тілеп, әрқашан биіктерден көрінулеріне тілектестігін білдіріп, алғысхат пен спорттық құралдар тарту етті.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер