Долин ауылдық округінің Чапаев ЖОББ мектебі алаңында «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жұмысшы мамандар арасында «Көңілді старт» спорт жарысы өтті.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны орындалғаннан кейін Долин ауылдық округінің бас маманы Серік Жармұханов құттықтау сөз сөйледі.
Айдана Мырзабекова қатысушыларға «Тек алға» әнін тарту етті. Жарысқа әр топтан екі ер, екі әйелден құралған команда бірлесіп, округтің мекемелерінде қызмет атқаратын мамандар, шаруа қожалығы жұмысшылары және қала орталығына барып-келіп жұмыс істейтін жұмысшы мамандар қатысты.
Ойынның бас төрешісі Нұрлан Ерзақов жарыс шартын түсіндірді. Сайыс «Біз біргеміз» – шеңбермен жүгіру, «Шебер» – жүгіріп барып балғамен шегені бір рет соғу, әрі қарай келесі ойыншы жалғастыру, «Табан тартыс» массреслингі, «Тартыс» – арқан тарту кезеңдерінен тұрды. Жарыс соңында жалпы есеппен І орынды мәдениет үйімен біріккен әр сала жұмысшылары жеңіп алды. Екінші орынды «Жұлдыз» тобы – «Назерке» бөбекжайының тәрбиешілері мен шаруа қожалығы жұмысшылары иеленді.
Ал үшінші орынға екі команда – Чапаев ЖОББ мектебі қызметкерлері мен ұстаздары біріккен команда және ауылдық әкімдік, ветеринария және қалада жұмыс істейтін жұмысшы мамандардан құралған команда ие болды. Барлығы округ әкімі атынан медальдармен марапатталды. Сондай-ақ іс-шараға өткізуге атсалысқан еріктілер Нұрлан Ерзақов, Айдана Мырзабекова, Ильдар Шәріпов алғысхаттармен марапатталды.
Т.Тоқмамбетов,
Теректі ауданы