26.07.2024, 17:45
Оқылды: 210

Долиндіктер көшпенділер ойынын насихаттады

Қыркүйек айында Астана қаласында өтетін бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын насихаттау мақсатында Теректі ауданының Долин ауылдық округінің жастары арасында қазақ күресінен турнир өтті.

409FCD8F-BC65-4648-97B4-6651A9D8DDB8

Теректі спорт клубының, Долин ауылдық округі әкімдігінің және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен өткен додаға қатысушылар әуелі мемлекеттік Гимнді орындады.

Содан соң тарихқа бір сәт үңіліп, көшпенділер ойындары туралы мағлұмат алды. Биыл елімізде дүбірлеп өткелі тұрған ойынға 100-ден астам елден 4 мыңға жуық қатысушы келеді деп жоспарлануда.

Жас ұрпаққа насихаттап, маңызын түсіндіру үшін аталған ауылдың әкімі Талғат Манатауов сөз алып, сәттілік тіледі. Содан соң жас дарын Манас Нығмет қара домбырасын арқалап келіп, боз кілемде белдескелі тұрған қатысушыларға рух берді.

Сайып келгенде сегіз палуанның ішінен Төлеген Қаналиев жүлделі 1-орынға, Нұржан Аманғалиев 2-орынға, Айбар Молдашев 3-орынға ие болды. Ал «Әдемі әдіс» аталымы Талғат Жұмағалиевке берілді. Жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар мен арнайы диплом, медальдар табысталды.

Осындай турнирдің өтуін қолдап, демеушілік білдірген Айдар Зұлпұхаров пен Азамат Симғалиевтің ұлттық спортқа жанашырлықтарын айта кеткен жөн!

Ақтілек Әлібек

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале