Теректі ауданындағы Долин ауылы – біте қайнасып, тұтас елге айналған көп ұлтты Қазақстанның шағын үлгісі. Жері –шұрайлы, халқы – шырайлы. Қонақжай, еңбекқор.
Өзіндік тарихы, бет-бейнесі бар бұл мекеннің өз жылнамасын жазғанына 115 жыл болыпты.
Украинадан – қазақ жеріне
Әріден тартсақ, ежелден ел қонған бұл жерді сарматтар мекендеген. Оның айғағы да бар. Есіңізде болса, 2012 жылы осы маңайда ерекше жәдігер – Тақсайдың Алтын ханшайымы табылған болатын.
Беріден айтсақ, Жайық жағалаған ел туралы бай мағлұмат қалдырған жазушы Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясына: «Қара Оба болысының кең байтақ даласы Жайықтан бастап сонау жоғары Есен-Аңқатыға, одан әрі боз бетегелі Жымпиты даласына дейін созылады. ... Осынау өлкеде Кердері мен Тама руларының ауылдары Жайық бойына қоныстанған» және «Қоныстанушылардың арасында украиндықтар да болды. Оларға Жайықтың оң жағалауындағы кең жерден орын берілді, бұл жақта бұған дейін де орыс казактары қоныстанған еді. Сөйтіп, қазақ даласына, олардың ортасына орыс-казактар, украиндықтар қоныс тепті. Осылайша, Қара Оба болысының тек қазақтар ғана жайлаған ата жерінде енді Федоровка, Богдановка, Алексеевка, Долинное, Керенка, Павловка деп аталған ауылдар пайда болды» деген жолдар бар. Осы мәліметтерге және бұрын ауыл қариялары айтқан естеліктерге сүйенсек, қазіргі Долин ауылы жерінде ертеректе Кердері мен Тама рулары көшіп-қонып өмір сүрген, олардың ата-аймағы болған.
Жері құнарлы, сулы, егінге де, мал бағуға да қолайлы жерді өткен ғасыр басында, Столыпин реформасы көшімен қазақ жеріне қарашекпенділер ағылғанда қоныстанушыларға кесіп беріпті. Украинадан келген шаруалар осы жерге 1909 жылы қада қағып, орныққан көрінеді. Алғаш бұл жерге ағайынды Баштовенколар келген деседі. Сулы, құнарлы жерді көрген олар жерлестері Авраам және Еремей Ходиндер, Калина Ода, Козоногин, Косич отбасыларын шақырған.
Алғашқыда байырғы тұрғындар мен қоныстанушылар арасында қақтығыстар болған. Уақыт өте келе, еңбекші халық тіл табысты.
Кітапханашы, ауыл тарихын жинаушы Илан Тналиева ұсынған мәліметте «...Селоның алғашқы тұрғындары жеркепе салып, алғашқы көшелердің нобайы байқалды. Бір жылдан кейін саман тастан үйлер салына бастады. Үйлерден сәл әрідегі қар-жаңбыр суы жиналатын сайдан тұрғындар бақша суаратын. Ауыз суды шегенсіз, украиндар «криница» деп атайтын құдықтардан алатын. Қоныс аударған әр отбасыға 0,5 га жер берілді...», «...Село алғашқыда Александровка деп аталды. Алайда аттас село болғандықтан ауыл азаматтары алқапта орналасқанын ескере отырып, ауылға Долинное атауын беруге шешім қабылдады» делінген.
Кеңес кезіндегі қалыптасу
Төңкеріс, Азамат соғысы, ортақтандыру – ел басындағы осындай үлкен өзгеріс-толқуларды басынан өткерген Долинное ауылында кеңес үкіметі ықпалымен В.И.Чапаев атындағы колхоз құрылды. Компартияның 25 мыңдық партия қызметкері толқынымен келген Кузьма Павлович Ранев колхоз төрағасы қызметінде шаруашылықтың қалыптасуына зор үлес қосты.
1937 жылы Приморье өлкесінен жер аударылған корей ұлты өкілдері осы ауылдан пана тапты.
1941 жылы соғыс басталғанда ер азаматтар майданға аттанды. Олардың орнын әйелдер мен жасөспірімдер басып, колхоздың жұмысын атқарды. Сол қысталаң жылдары Мария Петченко, Анна Покатило, Анна Попенко, Анастасия Кокорева, Евдокия Пидан, Елена Яковенко трактор айдап, ердің ісін жасады. Сол жылдары Чапаев атындағы колхозды Андрей Никитович Пидан басқарды. Азамат соғысында алған жарақаты салдарынан әскерге жарамаған ол тылдағы ерен еңбегімен Ленин атындағы орденге ие болды.
1941-1945 жылдардағы соғыста 129 долиндік азамат қаза тапты. Өткен ғасырдың 50-жылдарында кеңес үкіметінің тың және тыңайған жерлерді игеру қозғалысы Долнное ауылына жаңа леп, жаңа адамдар әкелді. Тыңгерлер легімен ауылға Волошин, Тюхай, Зенкевич, Згурский отбасылары көшіп келді. 1954 жылы аудандық партия комитеті бюросы шешімімен В. Гребенецтің жетекшілігімен А.Харкин, В.Варламов, М.Гусев, А.Терешкин енген комсомол-жастардың трактор бригадасы Чапаев атындағы колхозда тың игеруге жолданды. Сол жылдары Долинное ауылына түрлі ұлт өкілі келіп, еңбек етті. Солардың ішінен тұрақтап қалғандары да бар.
Кеңес үкіметінің кемел шағы Чапаев атындағы колхоздың ең дәуірлеген кезі болды. 80 жылдары колхозшылар қамбаға 130 000 центнер дән құйып, 4 820 центнер ет, 19 850 центнер сүт өндірген (мәлімет Октябрь төңкерісінің 70 жылдығына орай дайындалған альбомнан алынды). Әсіресе, Борис Одинцов басқарған 18 жылда мықты дамып, «миллионер колхоз» атанды.
Кеңес Одағындағы тоқырау, ыдырау кезеңдері шаруашылық үшін қиын болды. 1997 жылы Чапаев атындағы колхоз тарады.
Алды жарқын мекен
Бүгінгі Долинное – аумағы 82 мың гектарды алып жатқан ауылдық округтің орталығы. Округте 69 шағын кәсіпкерлік, 40 шаруа қожалығы бар. Жалпы 300-ден астам адам осы нысандарда жұмыс жасайды. Шаруашылығы егін салуға, мал бағуға негізделген. Соңғы жылдары құс өсіруге де қызығушылық бар. Долинное ауылы шетінде Ержан Исмаилов етті бройлер, «Чехия коп 500» түрі. Оған қоса жұмыртқа беретін «Ломан браун» түрін де бағып отыр.
Ауылдың негізін қарашекпенділер салыпты дегенімен, қазақтың иісі аңқып тұр. Кезінде қазақша оқуға баланы мұғалімдер айналдыра үгіттеп, жинақтайтын ауылда қазір мемлекеттік тілде оқитын бала саны басым екен. Нақты айтсақ, Чапаев мектебіндегі 146 оқушының жүзі – ана тілінде оқып жүрген қаракөздер.
Елдің болашағы баладан байқалады. Бұл орайда Долинное ауылының алды жарқын. Үш жыл қатарынан «Алтын белгілі» түлек қанаттандырған білім ордасы облыс көлемінде жүлдегер. Аудандағы «Eco mektep» қатарына қосылып, жылыжай салуды қолға алды. Былтыр БҚО білім басқармасы өткізген «Жер иесі» облыстық сырттай байқауында жүлделі ІІІ орын иеленіп, «Үздік мектеп жылыжайы» номинациясына ие болды. Осы мектептің түлегі, меценат Сағидолла Еркебаев жыл сайын озат оқушылар мен ұстаздарға арнайы степендия табыс етеді.
Ауылдағы «Еднання» этно-мәдени орталығы украин ұлтының мәдени мұрасын танытып жүрген топ ретінде тек ауыл мен ауданда емес, өңірге танымал. Надежда Рунова жетекшілік жасайтын орталық мәдени шараларға белсенді қатысады.
Ауыл жастары да мықты. Жастар жетекшісі Майра Шарипова мұрындық болып, спорттық ойындар, қарияларға көмек көрсету, мәдени кештер ұйымдастырады.
Камелия Қарекесова,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz
(Ауыл жылнамасын жинақтауда көмек көрсеткен Долинное ауылы кітапханашысы Илан Тналиеваға алғыс айтамын)