Қадыр ақынның 90 жылдығына ұйымдастырылған дала думаны – бір қызық, ал ақынның кітаптарының атын алған киіз үйлер ауылы да – бір тамаша.
Бас-аяғы 24 отау тігілген Қадыр ауылына облыс көлемінен келген 10 аудан, ауданның 11 ауылдық округі орда тікті. Бас отауды аудандық білім беру бөлімі құрды.
Тойтөбенің еңсесін көтеріп тұрған ақ отауларға ақынның «Жерұйық», «Домбыра», «Көш», "Алақан”, “Ой орманы”, “Қорамсақ”, “Ақ отау”, ”Дала дидары” , “Мәңгі майдан”, “Көкейкесті”, “Биік баспалдақ”, «Қызыл кітап» атты кітаптарының есімі ұсынылды.
Қонақтар әр отаудан дәм татып, Қадырдың кітаптарымен, тарихи суреттерімен, сонымен қоса қазақ ауылының байырғы тұрмыс тіршілігімен танысты. Келген меймандарға бас киіз үйден ас берілді.
Белгілі журналист, өлкетанушы, «Egemen Qazaqstan» газетінің өңірдегі меншікті тілшісі Қазыбек Құттымұратұлы әрбір боз үйге ақын кітаптарының атауы таңылуы – Қадыртануды насихаттаудың тың әрі тәлімді әдісі деп атап өтті.
Қоңдыкер Елеуов
Сырым ауданы