Төрт мың жылдай тарихы бар домбыраның қоңыр үні кім-кімді де тамсандырмай қоймайды. Бүгінде ол өзінің ерекшелігімен Гиннес рекордтар кітабына еніп, ЮНЕСКО-ның сертификатын алып үлгерді.
2018 жылғы 12 маусымнан бастап «Шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні» деп белгіленіп, қазақ халқының жан серігі, рухани азығы болып келген киелі домбыра күні елімізде кеңінен тойланып келеді. Ұлттық кодымызды қайта жаңғыртуға бағытталған айтулы мерекенің әр қазақ баласына берері мол екені белгілі. Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір сынды бабаларымыздан мирас болып қалған күй өнерін жандандыруда да бұл күннің алар орны ерекше. Аудандық саябақта «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» тақырыбында дәстүрлі ән, күй шалқыған «Домбыра Party» шарасы өтті.Ұлы мұрамызды ұлықтайтын «Домбыра Party» кешінің сәнін келтірген өнерпаздар қатарында халықтық "Торатбас әуендері" фольклорлық ансамблі, аудандық балалар музыка мектебінің оқушылары, оқытушылары, әуесқой домбырашылар қазақтың киелі аспабының құлағында ойнап, күмбірлеген күймен саябақты ерекше тылсым әсерге бөледі.
Нұрғали Төлегенов,
Шыңғырлау ауданы
