11.07.2024, 9:15
Оқылды: 251

«Домбыраны жасауға жарты жылым кетті» – жымпитылық жас шебер

Қазақ – шебер халық. Қалай шебер демеске? Өзінің тіршілігіне қажетті үй-жай салуды, киім-кешек тігуді, азық-түлік өндіруді тұрмыстық кәсіпке айналдырды. Арманымен астасқан, болмысымен бітіскен әсем бұйымдар жасап, сән-салтанат құруды да ұмытпады.

545A5093-5661-4BA0-8D74-678A360FFE28

Әр төрде домбыра ілулі тұратын. Оны да ауыл шеберлері қолдан жасаушы еді, шанағына оюын қашаушы еді. Иә, қазақтың көрген зар заманының зары да, қарашаның шат шадыман күлкісі де он екі пернеге қиғаш түскен қос ішектің жүрегіне сия білді.

Жүрегінде күй ойнаған қазақтың Құрманғазы мен Динадан бастап қазіргі ел арасындағы күйшілерге дейін танитыны хақ. Ал отындық ағаштан оқтық мүсін шығарған ұсталар ше? Шеберлер жасаған домбырасының көлеңкесінде қалып қоймады ма?

Лақтырған тасы мүсін боп түсіп, көтерген таяғын сырнай қып сайратқан Мақсат Сүйінғали Жымпитыдағы Қ.Мырзалиев атындағы ЖББО мектептен түлеп ұшып, қазіргі таңда Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының кескіндеме, мүсін және дизайн факультетінде білім алуда.

Мақсатты оқушы кезінен танушы едік. Танымал тұлғалардың портреттерін, небір шиелініске толы графити картиналарын жазды. Өнерін өсіруді ойлап Алматы кетті. Ұядан ырғып ұшқан жас қыран қонарын адаспай тауыпты. Мақсаттың университет шеберханасында өз қолымен жасаған домбырасын көріп солай деп ойладық.

– Домбыра – ұлы мұра. Қазіргідей дамыған құрылғылар жоқ заманда, бабаларымыз қу ағашты күйдіріп, ішін ойып, қалақшаға тарамдамай біртұтас шанақ қылып жасаған. Мендік мақсат – сол әдісті, қазақы домбыраны жаңғырту, - дейді жас шебер.

Иә, Мақсат мақсатына жетті. Ол алғашқы күрделі туындысы – домбыраны жасауға жарты жыл уақытын жұмсапты. Кеткен уақыт қайырымен келді. Өйткені домбыра жасап шығару дүниеге бір қазақ әкелгенмен тең емес пе?! Шанағы оюмен зерленген, үш үндікті, қатты қайыңнан жасалған қалақ домбырасы біздей тілшілерді елең еткізді. Сұхбат барысында ол дүниенің бағасы жоқ екенін, ендігі орыны төр екенін білдік.

Дегенмен, «шеберді саусағы асырайды» демей ме, алдағы уақытта елге игілікті, кәдесыйға жарайтын туындыларын жасауға бел буғанын жасырмады алтын қолдың иесі.

Мақсаттың отбасы – текті қазақтардың ортасы, қашан барсаң қымыз бен шұбатын сапырған, босағасы қонақтан босамаған әулет. Сүйінғали атасы елге тұтқа болған азамат еді. Ербол ағамыз сол жолды жалғастырып келеді.

Ал саумалдың буында өскен Мақсаттың ата дәстүрге ынтықтығына, қазақ қолөнеріне икемдігіне таңғалмауға болады.

Қоңдыкер Елеуов

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале