Осы дүниеде адам өмірі мен денсаулығынан бағалы ештеңе жоқ. Қиын сәтте дәрігерлермен бірге қарапайым адамдар да өзге жанның өмірін сақтап қалуға тырысып жатады. Солардың бірі - донор болу, яғни өз еркімен қан беру.
Адам бойында 4,5-5,5 литр қан болса, донордан 450 мл қан алынады. Бұл адам денсаулығына еш зиянын тигізбейді, керісінше пайдалы болады. Қан тапсыру арқылы бір немесе бірнеше адамға екінші өмір сыйлайсыз.
Тұрақты донорлық – ауқымды қан кету жағдайында ажалға араша тұра алатын бірден-бір амал. Бөрлі ауданында да көптеген жыл бойы тұрақты донор болып келе жатқан жандар бар. Солардың бірі - Ақұштап Барасова. Ол 25 жыл бойына осындай сауапты істі атқарып жүрген адамдардың бірі. Осы уақытқа дейін 50 рет донор болған.
- Мен бұл ісімді азаматтық парызым деп білемін. Денсаулығымыз жарап тұрса неге көмектеспеске. Ең бірінші рет аяқ асты қан тапсырдым. 1992 жылы Сырым ауданындағы ауруханада жатқан кезімде бір науқасқа қан керек болып, алғаш рет тапсырған болатынмын. Қан тобым сәйкес келгендіктен, бірден тексерістен өткізді. Содан кейін денім сау болғасын тұрақты түрде қан тапсырып тұруға шешім қабылдадым. Биыл тұрақты донор болып жүргеніме 25 жыл болды. Жылына екі рет қан тапсырып тұрамын. Донор болу арқылы біз де адамдардың өмірін сақтап қалуға көмектесеміз. Қаншама адам қан жетіспеушіліктен өмірімен қоштасып жатыр. Сондықтан денсаулығында кінәраты жоқ адамдар осындай игі іске атсалысу керек деп ойлаймын. Өйткені мен бұл ісімнен денсаулығыма еш зиян көрген жоқпын. Керісінше, адамдардың батасын, ризашылығын алдым, - дейді тұрақты донор Ақұштап Сайлауқызы.
Қан тапсыру – жауапты іс. Себебі, дәрігерлердің айтуынша, қан тапсыру арқылы адамның қан айналу және иммундық жүйесі жақсарады екен. Кәмелеттік жасқа толған, денсаулығында кінәраты жоқ кез келген Қазақстан азаматы бір тамшы қан арқылы біреудің өмірін аман сақтап қала алады.
Тұрақты түрде қан тапсырып жүрген тағы бір жан - Айгүл Келдібекова. Ол 18 жылдан бері донор болып келе жатыр.
- Мен ешқашан донор боламын деп ойлаған емеспін. Бір науқасқа қан керек болып, менің қан тобым келетін болғандықтан, бірден мені тексерістен өткізді. Сол кезден бастап тұрақты түрде қан тапсырып келемін. Жылына екі рет қан тапсырамын. Аурухана қан керек кезде өздері хабарласып шақырады. Қан тапсырған өзіңе де пайдалы. Тұрақты түрде тексерістен өтіп, денсаулығыңның жағдайын біліп отырасың. Бізбен бірге аудандағы мекемелердің қызметкерлері де қан тапсыруға келеді. Қазіргі уақытта өз еркімен қан тапсыруға келетіндер көп. Менің жақындарымның арасында донорлар жоқ. Бірақ әрдайым денсаулыққа ешқандай зияны жоқ, донор болыңдар деп айтып жүремін. Осындай күні қан тапсырасыз деп, бізге бір жұма бұрын ескертіп қояды. Қан тапсырардың алдында майлы, ащы тамақ жемеуге тиіспіз. Қан тапсырғаннан кейін өзімді жеңіл сезініп қаламын. Адам өмірін сақтап қалу үшін өз үлесімді қосып жүрмін деген ойдан марқаямын кейде, - дейді Айгүл Бітімқызы.
Ақұштап Сайлауқызы мен Айгүл Бітімқызы аудандық аурухананың қызметкерлері. Бірі шаруашылық бикесі болса, бірі кіші қызметкер. Жұмыстарында ауыр науқастарды көре жүріп, бей-жай қалмай, көмектерін көрсетіп жүр. Осындай жандардың арқасында дәрігерлер көптеген адамның өмірін сақтап қалуда.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz