Тасқала ауданы әкімінің есептік кездесуі Достық округінде жалғасты.
Достық ауылында жаз мезгілінде мал суаратын «Водокачка» бөгеті жөнделіп, қайта пайдалануға берілген. Айта кеткен жөн, бұл жұмысқа ауыл тұрғындары Б.Утегалиев пен А.Утегенов өз қаражаттары есебінен 700 мың теңге көлемінде демеушілік танытқан. Бұдан өзге Шамов көшесіне топырақ төсеп, жолдың бұзылған жерін жөндеуге де ауылдың бір топ азаматы 138 мың теңге көлемінде қаржы жинаған. Ендігі кезекте ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту шаралары жоспарлануда. Әсіресе, Достық ауылында саябақ қоршауын орнату және Бастау, Ынтымақ елді мекендерінің көшелерін жарықтандыру мәселесі басты назарда.
Ауылдағы көгілдір отын мәселесі бойынша Достық округінің тұрғындарының айтар шағымы жоқ. Себебі, ауылдың көгілдір отынмен қамтамасыз етілгелі бірнеше жыл болды. Алайда интернет желісі мен ауыз су, жол, абаттандыру мен жұмысқа орналасу мәселесі басты назарда тұр. Ауыл әкімі А.Ташимовтың биылғы есебі бойынша аталмыш мәселелер шешімін табуда.
Достық ауылында шаруа қожалықтарын ұйымдастыруға, кәсіпкерлік қызметті дамытуға жәрдемдесу мақсатында бірқатар қызметтер жүзеге асып келеді. Ауылда 14 шаруа қожалығы мен 5 жеке кәсіпкерлік тіркелген.
Әсемгүл БЕКЕШЕВА,
Тасқала ауданы