«Алтын көпір» халықаралық фестивалі аясында Батыс Қазақстан облысына шектес Самара, Саратов, Орынбор, Челябинск, Астрахан облыстарындағы қазақ диаспорасының өкілдері Теректі ауданының Сарыөмір ауылына ат басын тіреді. Осыған орай Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен Сарыөмір ауылының Шалқар көлі жағасында қонақтарға арналған «Ата салтым – асыл қазынам» атты іс-шара өтті.
Туған өлкесіне ерекше сағынышпен келген қандастарымызды аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Лунара Сердалиева, аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Арман Сагидоллин мен барша аудан өнерпаздары қарсы алды.
Арман Рахметоллаұлы қонақтарға «қош келдіңіз» айтып, елімізге һәм көршілес мемлекеттерге танымал, Батыс Қазақстанның інжу-маржаны, өлкеміздің асыл қазынасы Шалқар көлінің маңызы мен емдік қасиетіне тоқталып, жалпы ауданның тарихына шолу жасады.
Көл жағасында ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлер тігіліп, қазақтың дәстүрлі қолөнері мен ұлттық тағамдарынан көрме ұйымдастырылды.
Бұл фестивальдің мақсаты – Батыс Қазақстан облысына шектес орналасқан Ресей Федерациясындағы қазақ диаспорасының өкілдерімен әдеби-мәдени байланыс орнату, ұлттық бірегейлікті сақтау, рухани және тарихи-мәдени мұраны нығайту.
Ашылу салтанаты халықтық «Шежіре» әжелер ансамблі мен Камшат Қадырғалиеваның орындауында «Ой, сәулем-ай» әнімен ашылып, арнайы концерттік бағдарламамен жалғасты. Аудан өнерпаздарының өнеріне тәнті болып, шабыттанған Челябинск облысынан келген қонақ Айша Кенжеболатова да әннен шашу шашты.
Одан соң қонақтар ұлттың ұлылығын айшықтап, қазақы қалпымыздың даралығын айқындайтын қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады. Сондай-ақ қандастарымыз ұлттық тағамдардан дәм татты.
Соңында қонақтарға ұлттық ойындардан шеберлік сағаты өтті. Барлығы бірге асық атып, бес асық ойнап, садақ атып, арқан тартысып, ләңгі теуіп, қазақылықтың иісін аңқытып, көңіл көтерді.
Ақтілек Әлібек
Теректі ауданы