21.07.2022, 17:15
Оқылды: 171

«Достық» шатырлы лагері 120 оқушыны қамтып отыр

Жаз мезгіліндегі балалар мен жасөспірімдердің демалысын, сауықтырылуын ұйымдастыру үшін қажетті жағдай жасау, балалардың қадағалаусыз қалуын, қылмыстың және құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың денсаулығын нығайтып, шығармашылығын дамыту - қазіргі таңдағы ең үлкен міндеттердің бірі.

көңілді (1)

Жазғы демалыс лагері - балалардың рухани-мәдени тынығуына, ой-өрісін байытуға, достық, патриоттық сезімдерін оятуға мол септігін тигізеді. Әсіресе, биыл "Балалар жылында" балалар демалысына ерекше мән беріліп отыр. Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Достық» шатырлы лагері жыл сайын жұмыс жасап келеді. Далалық шатырлы лагері оқушылардың туристік-өлкетану және экскурсиялық дене шынықтыру-сауықтыру қызметтерін, табиғатты қорғау және экологиялық жұмыстарын, балалар мен жасөспірімдердің бірлескен еңбегі мен демалысы үшін қажетті жағдай жасайды. Балалардың эмоционалды көңіл күйі, олардың шығармашылығы, ұжымдық жұмыстарға қатысуы және жақсы әсер алуы қоршаған ортамен тығыз байланысты. Осындай мақсатты көздеп, Шыңғырлау аудандық білім беру бөлімі балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының ұйымдастыруымен Жаңакүш ауылы, Жіңішке бөгеті жанында орналасқан шатырлы лагерьде оқушылар үш ауысымда демалады. Туризм және экология орталығы лагерь демалушыларын 6 мезгіл тамақтандырып, шатыр, туристік кілемшелер, ұйқы қабы, сақтандару кеудешелерімен қамтамасыз етеді.

көңілді (3)

Лагерь тәрбиешілері оқушылардың демалысын ұтымды өткізу мақсатында жоспар бойынша көпшілік шаралар өткізуде. Туристік техника кедергілерінен, су дистанциясы қашықтығынан, спорттық және мәдени шаралар жасөспірімдердің өмірге ынтасын арттырып, шығармашылық қабілеттерін шыңдай түседі. Балалар күн тәртібіне сай сақтандыру кеудешелерімен суға шомылып, алау жанындағы ән сағаттарында көңілді демалып, шахмат-дойбы ойнап маңызды демалуда. Лагерьге келген балалар өздері үшін ұйымдастырылып жатқан түрлі шараларға, тақырыптық кештерге белсене қатысып, жанында жүрген тәлімгерлеріне ерекше ризашылық сезімдерін білдіруде. «Бұл демалыс орны бізге қатты ұнады, келесі жылы тағы да келеміз!»,- дейді олар қимастық сезіммен.

Әсел Исқалиева,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале