25.01.2021, 20:51
Оқылды: 17

Достықта 21 үйдің кәріз жүйесі жөнделді

Коронавирус дерті Бәйтерек ауданына қарасты Достық ауылын да айналып өтпеді. Төтенше жағдай және карантин кезінде ауыл тұрғындары ауызбіршілік танытып, мұқтаж жандарға қолдан келгенше көмек көрсеткен. Жергілікті кәсіпкерлер, мектеп ұжымы көмекті қажет еткен отбасыларға азық-түлік алып берсе, еріктілер маска тігіпті. Сонымен қатар елді жайлаған қиындыққа қарамастан, барлық жоспарланған жұмыстар да ретімен шешілген. Бұл туралы аудан әкімі Марат Тоқжановтың ауыл халқымен өткен есептік кездесуі барысында округ әкімі Әбубәкір Төлеуов айтып өтті.

FB_IMG_1611588187991 (1)

- «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Достық ауылының 8 шақырым жолы жөнделді. Оның 5 шақырымы Новенький ауылында болса, қалғаны Достық ауылының кіре берісіне дейінгі жол. Осы кезге дейін талай жыл ауыл азаматтары көтерген Достық ауылындағы көпқабатты 21 үйдің кәріз жүйесі «Жұмыспен қамту» жол картасы бағдарламасы бойынша жөнделді, - деді Ә.Төлеуов өз сөзінде.

FB_IMG_1611588196012 (1)

Округ әкімінің айтуынша, өткен жылы Достық ауылындағы Мерей, Жұбан Молдағалиев көшелеріне көше жарықтары орнатылған. Чувашин және Достық ауылы бойынша істен шыққан көше шамдары қайта жаңартылған. Сондай-ақ  «World Green Compani» ЖШС-ке 32 адам жұмысқа орналастырылған, ауылдық округте түрлі мекемелерге 18 адам жұмысқа тұрыпты.

Ауылда кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамуда. Жергілікті тұрғындар түрлі бағдарламалар бойынша несиелер алып, қайтарымсыз грандтарға да қол жеткізген. Былтыр Чувашин ауылдық «Nur Otan» партиясының мүшелері ауыл жастарымен бірлесіп, өз күштерімен ауыл ішінің жолдарын жамап жөндегені де көпшілікке үлгі. Сондай-ақ тұрғындар бірігіп, Мерей және Бостандық көшелерінде балалар ойын алаңының қасына мұз айдынын орнатқан.

Биыл Достық ауылында 750 орындық мектеп салу жоспарда. Бүгінде аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мектептің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Топографиялық түсірілімдер жасалып, «Кешенді сынақ орталығы» ЖШС инженерлік зерттеулер мен геологиялық жұмыстары атқарылды. Сондақ-ақ 2021 жылы Достық ауылында 12 пәтерлік екі қабатты жалдамалы тұрғын үй салу жоспары бар, - деді ауыл әкімі баяндамасында.

Биылға біраз істі тындырдық деген ауыл әкімдігі Чувашин ауылындағы мектепті жөндеуден өткізу, Чувашин, Красный Урал ауылдарына кіре беріс жолдарды жөндеуге қажетті құжаттарды дайындап қойған.

FB_IMG_1611588200467 (1)

Одан соң аудан әкімі Марат Тоқжанов жиналған ағайынға аудан көлемінде атқарылған жұмыстар жайында баяндады. Әр салада жеткен жетістіктер мен іске асқан жобаларды жіпке тізген аудан басшысы Достық округінде атқарылған жұмыстарға көңілі толатындығын жеткізді.

Жиын соңында ауыл тұрғындары Достықтың жаңа шағын ауданында бой көтерген үйлерге жарық өткізу, бұралқы иттердің көзін жою сияқты мәселелерді көтерді.

Барлық сұрақтар орынды екенін айтқан Марат Лұқпанұлы барлық мәселелер өз ретімен шешілетіндігін айтты.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале