Бәйге десе, қиқуламайтын қазақ жоқ шығар. Бүгін Теректі ауданы Шалқар ауылдық округіне қарасты Дуана елдімекенінде «Дала қызықтары» деген атаумен ұлттық ойындарды ұлықтаған той өтті. Алдыңғы аптада Сарыөмір ауылында да дәл осы атаумен ат жарысы өткен болатын.
Ауылдың атымтай жомарттары мен белсенді азаматтарының қолдауымен өткен дүбірлі дода Балалар жылы шеңберінде ұйымдастырылып отыр.
Жүйріктер жарысына Теректі аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Сұңғат Махамбетов пен округ әкімі Сабырбек Мусин қатысып, бәйге шабандоздарына сәттілік тіледі. «Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып, тақымын қысар» демекші, жүйріктерін үкілеп додаға қосқан атбегілер бір-біріне сын көзбен қарап, шабандоздарына ақыл-кеңестерін айтып, сабылып жүр.
Бәйге десе делебесі қозып тұратын Ақжайық ауданы, Өлеңті, Көнеккеткен, Подстепный, Шағатай, Ақсоғым, Аңқаты ауылдарынан келген аттың құлағында ойнайтын жас шабандоздардың қарасы қалың.
Сонымен, «Тай жарыс» (3 шақырым), «Құнан» (9 шақырым), «Аламан бәйгеге» (21 шақырым) бөлініп түскен жарыстардың қорытындысы сараланып, төрешілер бәйге алғандарға жүлделерді табыс етті.
Шашасына шаң жұқтырмай, 21 шақырым «Аламан» бәйгені «Тарлан» атпен шауып өткен Ж.Мұхитов (Рыбцех ауылы) бас бәйгені байлады. «Құнан» жарыстан Д.Сандұғұловтың «Малой» аты (Ақсоғым ауылы), 3 шақырымды алатын «Тай» жарыстан Р.Елеуовтың «Айжұлдыз» атты тайы мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті.
Одан бөлек, он жасқа дейін балалар арасында қазақша күрес, лақ көтеру, жаяу жүгіріс пен арқан тартыс сынды ұлттық ойындар ойналды.
Жылқы баптаған атбегілер де, желмен жарысқан шабандоздар да ұлттық спорттың ұлықталғанына дән риза.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz