Әр күннің өз береке бар дейтін еңбекқор қазақ жылдың қай мезгілін болсын игілікті өткеруге тырысады. Жылдың төрт мезгілі де мал бағып, қолына күрек ұстаған шаруагер ағайындар үшін қауырт шақ. Ауылдағы ағайынның әңгімесіне құлақ түрсең: «Күндіз шуақ мол, бірақ түн суық – ей!» - дегенін естисің. Ол аздай, биыл табиғат «Бесқонағы» мен «Құралайын» да кешіктірмей, сағат – сәтінде дәл соқтырды. Жаңбырлы, бұршақты ауа-райы, салқынды самал жел жоғарыдағы тілге тиек еткен қазақы болжамдарға айқын дәлел болмақ. Сонымен, аудан көлеміндегі шаруагер ағайындардың бүгінгі хал - ахуалы қандай деңгейде? Табиғаттың райы шаруаға оң ба, теріс пе? Қыстан шыққан мал басы жайлауға шықты. Алда егін мен пішен науқаны тұр. Оған қамданыс қалай? Осы жәйттерге қанығу мақсатында Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміндегі жауапты тұлғалармен де тілдесудің сәті түсті.

Егістіктен ескен леп
Аудан бойынша биылғы жылы барлығы 21580 гектар алқапқа дәнді дақылдар егу жоспарланған. Осы меженің бүгінге дейін 74, 5 пайызы орындалып, алқапқа 16072 гектар дәнді дақылдар егілген.
Ал, осылардың ішінде жоспарлы 9380 гектар алқапқа егілуге тиіс дәнді дақыл 9385 гектарға егіліп, жоспар 100,1 пайызға орындалды. Ал, далалық алқапқа егілетін екпелі шөптер жоспардағы 2300 гектардың орнына 5507 гектарға егіліп, жоспар 239 пайызды көрсетті.
Екпелі шөп егу - заман талабы екендігін түсініп, заманауи технологияларды тиімді қолдана білуге жетісіп отырған Аралтөбе ауылдық округіндегі «Милат» шаруа қожалығы мен Жымпиты ауылдық округіндегі «Жібек шаруа» қожалығының оңды жұмыстарын өзгелерге үлгі етсек болады.
Ал, майлы дақылдар жөнінде сөз етсек аудан бойынша 9900 гектарға егілетін дақылдың
1180 гектарға ғана егіліп, жоспардың 11, 9 пайызға орындалып отыруы әлі де бұл жұмысқа «қамшы» басуды талап етіп тұрғанды көрсетеді.
Бақша да байлық көзі
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Ахат Аралбаев егістікке орайлас бау - бақша отырғызу жөнінде де өзіндік дерек - пікірлерін ортаға салды
Мысалы, маманның айтуынша биылғы жылдың еншісінде аудан бойынша он ауылдық округте 6, 8 гектарға картоп, 10, 3 гектарға бақшалық өнім қарбыз, қауын, асқабақ және 5, 5 гектарға көкөністік дақылдар сәбіз, қияр, қырыққабат, қызанақ егілмек.
Бүгінде осы жұмыстар ырғағы қызу қолға алынған. Бұйыртса, бау - бақшалық өнімдер жәрмеңке сөресінен орын алып, тұрғындар игілігіне жаратылар күн алда.

Шөбі көптің малы тоқ
Енді алдағы қыстаққа ертелі дайындалар мал азығы туралы да айта кетейік. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Азамат Әйтімовтың айтуы бойынша өткен қыстақ науқанына аудан көлемінде 92398 бас малдар кіріп, оларға 199, 7 мың тонна шөп, 3,5 мың тонна құрама жем мен қамтылған.
Ал , бүгінгі таңға осы шөп қорынан 10 мың тонна шөп қорда сақтаулы тұр. Маман мал азығын алдағы 2025- 2026 жылғы қыстаққа әзірлеудің жәйі туралы да сөз етті.
Мәселен, оның айтуынша қыстақ науқанына аудан бойынша барлығы 101 мың бастай шартты мал кірмекші. Ал, осы мал бастары үшін 197, 7 мың тонна шөп, 3,5 мың тонна жем қажет. Ал, аудандағы қырлық пен көлдік шабындыққа орақ салу үшін барлығы 420 трактор мен 692 орақ жұмысқа қосылады.

Ауданда бір жылдық және көп жылдық екпелі шөп егіп, малға құнарлы азық дайындап жүрген қожалықтар қатары баршылық.
Ал, олардың қатарында Алғабас, Аралтөбе, Шолақ аңқаты ауылдық округіндегі шаруа қожалық тарын атар едік.
Ауа-райы салқындау болып, шабындық тағы шөпте бой көтере алмай тұр.
Қазірде күн ысып келеді, сәтін салса алдағы маусым айының 10-на таман дала төсіне де шалғы салынады, - дейді мамандар.
Мүсірбек Айташев,
Сырым ауданы