12.02.2023, 22:16
Оқылды: 42

«Дуэт шоу»

Переметныйдағы «Шың» сазды-драма театрында «Дуэт шоу» байқауы өтті. Өзге саланың мамандары мен мәдениет қызметкерлерін жұптастырып, ән айтқызуды мақсат тұтқан байқауға 9 жұп қатысты. Олар халық әндерін, заманауи және кинофильмдердегі әндерді шырқады. Байқау талабы бойынша фонограмма қолданылмай, қатысушылар тек жанды дауыста ән салды.

WhatsApp Image 2023-02-12 at 19.31.28

Аталмыш театр ұйымдастырған байқауға қатысушылардың өнерін бағалаған әділқазылар алқасының құрамында облысымызға танымал әнші, Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының көркемдік жетекшісі Еркін Өтегенов, күйші, сазгер Аслан Ғизатов, әнші, актер Кенесары Бұлғанбаев болды. Барлық қатысушылар байқауға жақсы дайындықпен келгені байқалды. Дегенмен де сайыс болғаннан кейін біреуі озады, екіншісі артта қалары белгілі. Соған орай көпшіліктің сұрауы бойынша төмен балл жинаған қатысушылар бірден сайыстан шығарылмай, тек қауіпті аймаққа жіберілетін болып келісілді.

WhatsApp Image 2023-02-12 at 19.31.31

Нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен «Кермаралдай» әнін шырқаған аудандық мәдениет үйінің әншісі Жеңіс Қасымов пен аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ұлданай Сейтқалиеваның жұбы жоғары ұпайға ие болды. «Балапан қазды» орындаған Белес ауылдық мәдениет үйінің әншісі Аягөз Асан мен Переметныйдағы Камен орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақгүл Талғатбек қауіпті аймаққа кірді.

WhatsApp Image 2023-02-12 at 19.31.33

Енді «Дуэт шоудың» екінші кезеңі 16 ақпанда, үшіншісі 24-інде  жалғасын тауып, үздіктер анықталады. Ал 25 ақпанда жеңімпаздарды марапаттау рәсімі болып, гала концерт өтеді деп күтілуде.

WhatsApp Image 2023-02-12 at 19.31.34

Айта кетейік, бес жыл үзілістен соң қайта ұйымдастырылған бұл өнер байқауына аудандық жастар ресурстық орталығы мен мәдениет үйі қолдау көрсеткен.

-Өз өнерін ортаға салған қатысушыларға көрермен қауым, соның ішінде жастар дән риза. Қызықты да тартысты өткен сайыс жиналғандарға керемет көңіл-күй сыйлады. Көпшіліктің сұрауы бойынша бұл байқау жыл бойына жалғасуы да мүмкін, - деді «Шың» театрының әдіскері Арайлым Нарымбетова.

 

Нұрсәуле Жәнібекқызы, 

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале