8.01.2024, 15:45
Оқылды: 70

Дүкендегі дүрбелең немесе шын кәсіпкер кім?

Көлеңкелі бизнес ел экономикасы үшін қауіпті. Қызметін ұсынған, саудамен айналысқан әрбір адам салық төлеуге міндетті. Алайда одан жалтаратындар жоқ емес. Сол үшін бүгінде азаматтардың банкіндегі қаржы аудару фактілерін тексеруді қолға алды. Міне, осы кезден бастап гу-гу әңгіме мен келеңсіз жайттар көбейді.

Жп платеж

Жалпы «тексеріс» өткен жылы басталған. Бірақ 2023 жылы тексеріс тек мемлекеттік қызметкерлер және оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайларына жүргізілді. Енді биыл бұл жұмыс жалғасады. Соның әсерінен дүкендер аударым қабылдамай, қолма-қол төлеуді талап ете бастады. Кез келген жерде қалтафон арқылы ақша төлеп үйреніп қалған адамдарға бұл біраз келеңсіздік тудырғаны анық. Ал осы мобильді аударымдарды тексерудің негізгі мақсаты қандай?

«Мобильді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған.

Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауарлар немесе қызметтер үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Алайда бұл аударымдар кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Тиісінше, чектер берілмейді және тұтынушылардың құқықтары бұзылады. Айта кету керек, мемлекет барлық мобильді аударымды тексермейді.

Тек әр түрлі тұлғалардан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударым алған тұлғалар ғана, яғни, кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда тексеру жүргізіледі», - делінген Қазақстан Республикасының қаржы министрлігінің ресми сайтында.

Аударым туралы анығырақ білу үшін Бөрлі аудандық экономика және қаржы бөліміне бірқатар сұрақты жолдадық. Тиісінше толыққанды жауап та алдық. Ең бірінші маңызды сұрақ «Қолма-қол ақша талап ету қаншалықты заңды?».

Бұл туралы бөлім мамандары: «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес түрлі төлем тәсілдері қарастырылған. Оның ішінде банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақшамен төлеу тәсілі бар. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз және тұтынушылардың құқығын бұзады.

Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалады. Ал қайталап бұзған жағдайда – 147 680 теңге (40 АЕК) көлемінде айыппұл салынады», - дейді мамандар. Сондай-ақ бөлім қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері туралы тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына жүгінуге болатынын да ескертті.

Бөлім мамандары туыстар мен достарға «әдеттегідей» ақша аудара беруге болатынын да жеткізді. Жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін, яғни туыстарына, достарына, ата-аналарына, балаларына және басқа да өмірлік жағдайға байланысты мобильді аударымдар жасай және қабылдай алады екен. Бұған қатысты ешқандай шектеу жоқ.

Мобильді аударымдар тексеріледі дегеннен бастап такси жүргізушілері де біраз әбігерге түскені рас. Олар кассалық аппаратты өздерімен бірге алып жүре алмайтыны анық. Алайда мұның да шешімі бар екен.

«Біріншіден жеке тасымалдаушылар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Мұны «e-Salyq Business», «Egov Mobile» және кейбір екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы жасауға болады. Бұл ретте қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау үшін онлайн режимінде кәсіпкерлік банк шотын ашуға болады. Сол жерге көрсетілген қызметтер үшін төлемдер түседі. Ол үшін тек смартфон қажет. Кассалық аппараттар мен POS-терминалдарды алып жүрудің қажеті жоқ», - делінген аудандық экономика және қаржы бөлімінің мамандары берген жауапта.

Жалпы Қаржы министрлігі мұндай тексеріс жүргізудің не үшін қажет екенін: «Қазіргі таңда салықтық міндеттемелерді адал орындау әлдеқайда тиімді. Бүгінде бизнес жүргізуге және оны дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Салық режимдерінің тәртібі жеңілдетілді – салық мөлшерлемелері қызмет түріне байланысты тек 1-4%-ды ғана дейін құрайды. Егер мұндай жағдайда кәсіпкер мобильді аударымдар қабылдаса, онда ол қазірдің өзінде «көлеңкеде» қалып, салық бақылауына түседі.

Бұл ретте мобильді аударымдарды тексеру адал салық төлеушілерге әсер етпейді. Осылайша, әділдік және міндетті салық салу принциптері жүзеге асырылады. Яғни, барлық салық төлеушілер тең болуы және алынған табыстан салық төлеуі тиіс», - деп түсіндірді.

Қалай болғанда да қолма-қол ақша сұрайтындар көбейгені рас. Осыған байланысты тұрғындардың да пікірін сұрағанды жөн көрдік.

– Жақында таксиге отырғанымда жүргізуші бірден қолма-қол төлеуімді өтінді. Абырой болғанда, әмиянымда ақша болды. Кейін жүргізуші енді мобильді аударымдар тексерілетіні туралы әңгіме бастап кетті. Онсыз да арнайы такси қосымшасына пайыз төлейтін ол салық төлесе жанармай да ақталмай қалатынын алға тартты. Азық-түлікті супермаркеттерден аламыз. Ол жерде қашанда QR-мен төлеу мүмкіндігі бар. Оның үстіне кей банктер онлайн төлем үшін бонус беретінін де білесіз. Алайда келесіде тағы қалтамдағы тиынды санап, ақша іздеп кетпес үшін 5-10 мың теңгені банктен шешіп алып, салып қойдым, – дейді қала тұрғыны Аңсағаным Сәлімжан.

Қолма-қол ақша талап етушілер көбейген тұста психолог мамандары да мұның қоғамға пайдалы бола алатынын айтуда. Мысалы, психолог Ару Жақсыгереева қолма-қол ақша адамды артық шығыннан құтқаратынын алға тартады.

– Қолма-қол ақша ұстаудың артықшылықтары да, кемшіліктері де бар. Мысалы, электронды қосымшада тұрған ақшаны жұмсай салу өте оңай. Демек, бұл адамдарды импульсивті сауда жасауға жетелейді. Ал банкоматтан ақшаны шешіп аламын дегенше адамға бірнеше қадам жасауға тура келеді. Ал ми үшін бұл қосымша іс-әрекет, сондықтан тіпті сатып алуға деген құлшыныс жоғалып кетуі ықтимал. Одан бөлек, адам күнделікті қалтасында көп көлемде қаржы ұстап жүрмейтіні рас. Міне, осындай кезде үйінде сақтаулы тұрған ақшаны алып келемін дегенше ол өзі қызыққан затты алудың қаншалықты қажет екенін пайымдап үлгереді. Дегенмен, қағаз ақшаны жоғалтып немесе ұрлатып алу ықтималдылығы барын да ескеру керек, – дейді психолог Ару Махамбетқызы.

Тілші түйіні: Жыл мобильді аударымнан маза кетіп, қағаз ақша қолға тиюмен басталды. Көлеңкелі кәсіптен құтылу үшін жасалып жатқан жұмыс маңызды екені сөзсіз. Қысқасы салыққа салғырт қарауға болмайды. Сондықтан заңға бағынып, талапқа сай талап қылған жөн.

Аслан Нұразғали,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале