5.07.2021, 3:08
Оқылды: 52

Дулат домбыра үйретеді

Теректіде Покатилов деп аталатын алақандай ауыл бар. Атауы орысша болғанымен, ауылдан қазақылықтың иісі аңқиды. Себебі ауылға жас мамандар тұрақтап, қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық аспаптарын насихаттап жүр.

91F0D511-1FA4-44E5-AC1E-BFE95FA83AE8

Солардың бірі – Дулат Бисенов. Құт дарып, кие қонған Қаратөбе ауданының тумасы. Талай дүлдүлдердің мекеніне айналған Қаратөбеден шыққан адам осал болады ма?! Дулаттың да бойына өнер қонған. Ол қазақтың қара домбырасын серік етіп, өмірін де сол аспаппен байланыстырған. Дулат  - Оралдағы іргелі шаңырақ Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж түлегі.  Теректіге, соның ішінде Покатиловқа 2013 жылы келген. Ауылдағы білім ордасына қызметке орналасып, ортаға сіңісіп кетті десе де болады. Бүгінде Дулат Салауатұлы Покатилов ЖОББМ –де музыка пәні мұғалімі болып жұмыс жасайды. Өзіне жүктелген қызметінен бөлек, мектептен арнайы домбыра үйірмесін ашқан Дулат балғындардың  ұлттық құндылықты бойларына сіңіріп өсуіне атсалысуда.

E4DF1F09-B911-4AEF-8DAE-66D5760032D5

- Қазақ пен домбыра егіз ұғым деп білемін. Домбыраның үнінде сайын даланың кеңдігі, қазақтың дархандығы бар. Бүгінгі ұрпақ домбыраның құдіретін, киесін бойына сіңіру керек. Сол кезде олардан нағыз ұлтжанды тұлға шығады. Қазір мен шәкірттеріме домбыра шертуге дағдыландырып, одан кейін қазақтың күйлері мен әндерін орындауды  үйретіп жүрмін. Мысалы, жас таланттар «Келіншек», «Кеңес», «Балбырауын» күйлерін орындап,   халық әні «Еркем-айды» әуелеткенде жаным жадырап қалады, - дейді Дулат Бисенов.

 Әділет Әлібекұлы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале