3.11.2023, 10:00
Оқылды: 27

«Дүлдүлді дуэль» байқауы басталды

Казталов ауданының Жалпақтал ауылында орналасқан мекеме-кәсіпорындар арасында «Дүлділді дуэль» өнер байқауы басталды.

FB_IMG_1698978149091

Талай дүлділді түлеткен ауылдың киелі сахнасында сан өнерімен сыналып, жан аямай тер төккен тартысты доданы Мәдениет үйінің өнерпаздары ұйымдастырып, Жалпақтал ауылдық округінің әкімдігі қолдау көрсетті.

FB_IMG_1698978137685

Ауыл ішінде көрінбей жүрген таланттарды тауып, мекеме-кәсіпорындар арасында еңбек етіп жүрген сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз жандарды анықтап, көпшілікке танытуды көздеген байқауға «Балдәурен» бөбекжайы, Кенжебек Меңдәлиев атындағы мектеп, №2 аудандық ауруханасы, «Ертегі» бөбекжайы, ауыл әкімдігі ғимаратында орналасқан шағын мекемелер командасы, №17 өрт сөндіру бекеті мен Полиция бөлімінің біріккен ұжымдар командасы, Ғинаят Молдашев атындағы мектеп, Жалпақтал балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, Қазпошта, Қазақтелеком, Қазтелерадио тарату мекемесі командасы, Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжі, Мұрағат, ветеринария бекеті, кітапхана, Жалпақтал арнаулы және әлеуметтік қызмет көрсету орталығы біріккен командалары бір ай бойына әр аптаның бейсенбісінде бақтарын сынайды.

FB_IMG_1698978130275

 Өнерпаздар өнерін бағалайтын қазылар алқасының құрамында Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі» төс белгісінің иегері – Нұрлан Шақанаев, «Алаш ұстазы», «Үздік ұстаз» төс белгілерінің иегері, Жалпақтал балалар өнер мектебінің вокал оқытушысы Гүлнәр Абдрахманова, «Мәдениет саласының үздігі» Бейбіт Оразов, «Үздік мәдениет қызметкері» төс белгісінің иегері, аудандық көркемөнерпаздар режиссері Қайрат Абдулов, «Алаш ұстазы», «Үздік ұстаз» төс белгілерінің иегері, халықаралық, республикалық байқауларға шәкірт дайындаған танымал ұстаз Жасұлан Ержановтар бар.

Шарада Жалпақтал ауылының әкімі Ғаділбек Әлібеков құттықтау сөз сөйледі.

Одан кейін байқаудың шарттары таныстырылған соң, «Дүлдүлді дуэль» додасының алғашқы сайысын Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжі командасы мен қарсыластары Мұрағат, ветеринария бекеті, кітапхана, Жалпақтал арнаулы және әлеуметтік қызмет көрсету орталығының біріккен ұжымдар командасы бастап кетті.

 Бірінші бөлім бойынша Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжі атынан шыққан дуэт «Махаббат жоқ деме жаным» әнін тарту етілсе, қарсыластары хор болып Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін орындады.

Сайыстың екінші, үшінші кезеңдері бойынша өнерпаз ұжымдар комедия, сатира бағыты бойынша жанрдың өздеріне ыңғайлысын таңдап көрерменге езу тартқызар қойылым мен шешуші кезеңге тиесілі таңдаған тақырыптары бойынша музыкалық бейнебаян дайындады.

Осылайша «Дүлдүлді дуэль» додасын бастап берген қос команданың үздігі анықталып, Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжінің ұжымы келесі кезеңге жолдама алды.

Енді келесі бейсенбі «Балдәурен» бөбекжайы және оған қарсы әкімдік ғимаратында орналасқан барлық шағын ұжымның біріккен командасы өзара бақ сынайды.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале