15.12.2023, 11:45
Оқылды: 46

«Дүлдүлді дуэль» байқауы мәреге жетті

Казталов ауданының Жалпақтал ауылында орналасқан мекеме-кәсіпорындар арасында айтулы «Дүлділді дуэль» өнер байқауы мәреге жетті.

20231214214225_IMG_4799

Талай дүлділ түлеп ұшқан өнерлі ауылдың киелі сахнасында сансыз өнерпаз сыналып, жан аямай тер төккен тартысты доданы мәдениет үйінің өнерпаздары ұйымдастырып, Жалпақтал ауылдық округінің әкімдігі қолдау көрсеткен еді. Мекеме-кәсіпорындар арасында еңбек етіп жүрген сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз жандарды анықтап, көпшілікке танытуды көздеген байқауға «Балдәурен» бөбекжайы, Кенжебек Меңдәлиев атындағы мектеп, №2 аудандық ауруханасы, «Ертегі» бөбекжайы, ауыл әкімдігі ғимаратында орналасқан шағын мекемелер командасы, №17 өрт сөндіру бекеті мен полиция бөлімінің біріккен командасы, Ғинаят Молдашев атындағы мектеп, Жалпақтал балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, Қазпошта, Қазақтелеком, Қазтелерадио тарату мекемесі командасы, Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжі, мұрағат, ветеринариялық бекет, кітапхана, Жалпақтал арнаулы және әлеуметтік қызмет көрсету орталығының біріккен командасы бақтарын сынаған еді.

20231214214157_IMG_4796

Міне, бү 12 команданың ішінен суырылып финалға шыққан Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжі, №17 өрт сөндіру бекеті мен полиция бөлімінің біріккен командасы және №2 аудандық аурухана ұжымы өнер көрсетті. Әділқазылар алқасының бағалауымен ІІІ орынды №17 өрт сөндіру бекеті мен полиция бөлімінің біріккен командасы (жүлде қоры 20 000 теңге), ІІ орынды Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжі (жүлде қоры 50 000 теңге), І орынды №2 аудандық аурухана ұжымы (жүлде қоры 100 000 теңге) жеңіп алып, ұжымдарын үлкен қуанышқа бөледі.

Айта кету керек бір ай көлеміне созылған өнер додасына жанашырлық білдіріп, бас демеуші болған «Нұрхан» жиһаз және тұрмыстық техника дүкенінің генералды директоры Гүлжанат Қайыржанқызына ұйымдастырушылар ел атынан алғыс айтса, әділқазылар алқасы ауылдастарына Тәуелсіздік күні қарсаңында үлкен мәдени кеш сыйлаған өнер ұжымдары мен осы шараны ұйымдастырған Мәдениет үйінің ұжымына ризашылықтарын білдірді.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале