Дүниежүзілік сайлау күніне орай Сырым ауданында «Сайлау барысындағы қоғамдық бақылау және құқықтық тәртіп» тақырыбында құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Жиында аудан аумақтық сайлау комиссиясының төрағаы Мейірбек Хасанов төрағалық етті. Отырыста науқандарының ұйымдастырылуы, ашықтығы мен заң талаптарының сақталуы жан-жақты талқыланды.
Мейірбек Мәлікұлының мәлімдеуінше, Сырымда 1 аудандық аумақтық, 1 облыстық округтік, 11 аудандық округтік және 24 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Комиссия құрамында барлығы 201 мүше бар.
2025 жылы Бұлан, Жосалы, Сарой, Аралтөбе және Бұлдырты ауылдық округтерінде әкім сайлауы өтті. Сайлауға 17 азамат ұсынылып, оның 15-і тіркелді. Кандидаттардың басым бөлігі өзін-өзі ұсынғандар болды. Сайлау қорытындысында округ әкімдері сайланып, тұрғындардың белсенділігі әсіресе Бұлан ауылдық округінде жоғары деңгейде байқалды. Сайланған әкімдердің орташа жасы – 33 жас, олардың арасында мемлекеттік қызмет, мәдениет және ветеринария саласының өкілдері бар.
Сайлау науқандарын ақпараттық сүйемелдеу де жүйелі жүргізілді. Билбордтар, плакаттар, шақыру қағаздары таратылып, әлеуметтік желілер мен аудандық басылымда жедел ақпарат берілді. Байқаушылар мен БАҚ өкілдері сайлау барысының заң аясында өткенін атап өтті.
Комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп, жыл ішінде ондаған оқыту өткізілді. Сонымен қатар, жастардың саяси белсенділігін арттыру мақсатында «Жас сайлаушылар клубы» құрылып, мектептер мен колледждерде бірқатар танымдық шаралар ұйымдастырылды.
«AMANAT» партиясының Сырым аудандық филиалының төрағасы Талғат Дарғожиев ауылдық округ әкімдігіне үміткерлерге қойылатын талапты жұмсарту, Жанарбек Дүйсенов №295 сайлау учаскесін Жамбыл негізгі мектебінен Жамбыл ауылдық клубына көшіру, туралы ұсыныс білдірді. Өйткені, көбіне сайлаудан 20 күн жұмысын бастайтын учаскелік сайлау комиссиясы жұмысы оқу процесіне кедергі келтіреді. Мұса Шалабаев мұндай мәселе №291 Қарасу сайлау учаскесі – Қ.Мырзалиев атындағы орта мектебінде де бар екенін айтты.

Мейірбек Хасанов Дүниежүзілік сайлу күніне орай №295 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Жанарбек Дүйсенов пен №302 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Сәбит Арыстанғалиевке облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ә.Жоламановтың алғыс хатын табыс етті.
Шынар Молданиязова
Сырым ауданы