Тәуелсіздік Қазақстанның жетістіктері айқын әрі бұқараға етене таныс. Ал осы тәуелсіздіктің құрдастары мен ұрпағының жеткен жетістігі, бағындырған биіктері қандай? Әрине, егемен Қазақстанның төл құрдасы бұл күнде 30 жасқа толды десек, олар да өз шаңырағының тізгінін ұстап, ата-ана атанғаны кәміл. Ендеше азат елде дүние есігін ашып, ойы озық, мақсаты анық жастардың пікірлерімен таныс болайық.
Тәуелсіздіктің төл құрдасы тумысынан ханордалық Нұрмыханбет Мұстафиннің өмірде таңдап алған бағыты ұстаздық. Жай ұстаздық емес, сусыз жерде кеме құру ісі. Айналада Мұратсай бөгетінен басқа су жоқ жерде қалайша кеме құрмақ деп таң қаларсыз, сірә. Ал ол оны құрып қана қоймай, сол спорт түрінен Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат спорттық разрядын да алды. Өйткен ол кеме үлгілерін модельдеу спорты. Техникалық ойлау тәсілін қолдана отырып, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мәселесімен шұғылданатын Нұрмыханбет өз ісіне шын берілген, білгенін шәкірттеріне үйретуден жалықпайтын жаңашыл ұстаз. «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші шәкірттері де ұстаз мерейін тасытуда. Иә, Нұрмыханбеттің бастамасымен аудандық балалар техникалық шығармашылығы орталығының «Кеме үлгілерін жасау» үйірмесіне қатысатын шәкірттер талай жетістікке жетуде. Тек кеме жасауда ғана емес, сонымен қатар батпырауық, зымыран үлгілерін жасап келеді. Айталық, кеме үлгілері шын кемеден еш айнымайды. Тек бәлен есе кішірейтілген түрі. Біреуге ол айтарлықтай жетістік боп көренбеуі де мүмкін. Алайда, ойланып көріңізші, жазық далада өскен балғындарға кеме, батпырауық, зымыран, жалпы косманавтика және аэроғарыш техникасы туралы түсінікті тек осы Нұрмыханбет беріп жатқанының өзі ерекшелік қой. Бәлкім ұстаздықтың несі жетістік дерсіз? Десе де ұстаздық «ғалым да, шахтер да бас иетін» мамандық екенін ұмытпайық!
Шәкірт тәрбиелеуді мақсат тұтып, талай палуанды додаға баптаған жәрмеңкелік Нұрбек Ғазезовты спортсүйер қауым жақсы біледі. Әсіресе, қазақ күресіне жақын жерлестер Нұрбекті әкесінің жолын қуған бала деп таниды. Шынымен де Нұрбекті әкесі Әбілқасым дайындаған.
-Күреске әкемнің ақылымен келдім. Бала кезден жаттығып, Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп интернатында оқыдым. Сол арнайы білім ошағын бітіріп шықпасам да, ол мен үшін күрес бағытындағы үлкен мектеп болды. Күресті жіті түсінуіме септігін тигізді. Өткен өміріме қарасам, менің әр қадамын күреспен байланысты екен. Әлі де солай жалғасып келеді. Себебі күреспен шұғылданғанның арқасында өз бағытымды таптым. Егемен Қазақстанның талай қалаларын тамашаладым. Тотамиде қарсылас, ал өмірде құшақ жаятын достар таптым. Қазір ҚР қай аймағына барсам да қарсы алып, төрін ұсынар досым табылады деп нық сеніммен айта аламын. Жалпы әкеме қазақ күресіне деген қызығушылығымды оятып, бағыт сілтегеніне алғысым шексіз. Бұл салада жетістіктер де жетерлік, қайсыбірін айтарсын, бастысы мен қазір спорт шеберлігіне үміткермін. Қазақ күресіннен БҚО құрама командасының 66 келі салмақ дәрежесіндегі мүшесімін. Күрес маған тік жүріп, тәртіпті, мықтылықты, жігіттікті үйретті. Дәл осы қасиеттерді мен М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі әрі өзім түлеп ұшқан БЖСМ-нің «Самбо» үйірмесінің бапкері ретінде шәкірттеріме үйретудемін. Алға қойған мақсаттарым бар, бұйырса талпыныс үстіндемін. Негізі қазақ күресінен біздің аудан спортшыларын айтқанда, қарсылас палуандар сескенетін жағдайға жеткізгім келеді,-дейді «күрес пен мен егіз ұғымбыз» деген Нұрбек бапкер.
Тәуелсіздің жылдары дүние есігін ашқандардың бірі Орынгүл Маралованың өмірі аса жылдамдықпен өрбігендей. Неге десеңіз? Жас библиограф бес жасында бірінші сыныптың толыққанды оқушысы, 14-інде студент, ал 17 жасында кітапханашы атанған. Сөйтіп, оның құрдастары енді мектептен түлеп ұшып жатқанда ол Жетібай ауылында қызметке тұрды. Тура тәуелсіздік алуға тырысқандай дерсің.
-Бүгінгі таңда қандай да бір жетістікке жеткен болсам, бірінші Алланың калауымен, одан кейін отбасымның қолдауының арқасында дер едім.
Небары 17 жасымда кітапханашы болып орналасып, мамандығым бойынша қызмет жолым басталды. Жұмысқа деген қабілетімді бағалаған сол кездегі басшым Дәржан Садықова мені алдымен Ұялы ауылына кейін ауданға жұмысқа алды. Мұны мен таныс-тамырсыз, араға адам салмай адал еңбегімнің арқасында жеткен үлкен жетістігімнің бірі деп айтар едім. 2019 жылы Ақжайықтың ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгерееваның 75 жыл мерейтойына орай өткізілген республикалық байқауына қатысып, І орынды жеңіп алдым. Басшылықтан бірнеше алғыс хатпен марапатталдым. Биыл да қанжығама байлаған жетістіктерім бар. Жазда Алматы қаласында Ұлттық кітапханадан іс-тәжірибеден өтіп, кітапхана директоры Б.Оспанованың қолынан сертификат алдым. Облыстық "Үздік жас кітапханашы" байқауына қатыстым. Жақында ғана республикалық "Мектептегі мерекелер" журналына мақалам шықты. Кітапханашы үшін бұл да үлкен көрсеткіш.
Адам өмірде мамандық таңдау мен жар таңдаудан қателеспеу керек. Сол екі таңдауды да дұрыс жасағаным осы өмірдегі үлкен жетістігім. 2019 жылы өзімнің екінші жартымды тауып, ата-анамның батасымен ұзартылдым. Алтын кісілердің қолына келін болып түстім, бірге тұрамыз, шаңырағымызда бір қызғалдағымыз өсіп келеді. Көп уақыт өтпей отбасым тағы да келінді болып, қасыма абысыным келді. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды деп жатады ғой. Алайда мен онымен келіспеймін. Ниет түзу болса, сыйластықта тұруға болады оған абысыным Нүргүлмен бірген бір шаңырақтың астында тату-тәтті тұрып жатқанымыз айқын дәлел,-деді Орынгүл Берікқызы.
Альфия Шурина үшін де тәуелсіз елдің ұланы болу бағасы жоқ сый, үлкен құрмет.
-Тәуелсіздік – бұл сөзде адам үшін де, мемлекет үшін де ең маңызды, құнды дүниелер көп. Адамға, егемен ел азаматына келсек, Тәуелсіздік мен үшін басты құндылықтардың бірі. Оның мәні еркіндікте жатыр – іс-әрекет бостандығы, сөз бостандығы, таңдау еркіндігі, қозғалыс еркіндігі.
Тәуелсіздік жас ұрпаққа, әсіресе жастарға көп мүмкіндік берді. Нақты менің жеке тәжірибемде тәуелсіздік қалай көрініс тапқанын айып берейін.
Менің есімім Альфия. Қазір жасым 26-да. Сайқын ауылында дүниеге келдім. 7-сыныпқа дейін М.Мәметова атындағы мектепте оқыдым. Бұл менің дамуыма негіз қалаған алғашқы мектеп болды деп нақты айта аламын. Оралға қоныс аударған соң спортпен, атап айтқанда каратэмен айналыстым.5 жыл спорт маған жеңісті де, жеңілісті де әкелді, түрлі жарыстарға қатысуға мүмкіндік берді. Ол спорт шеберіне кандидат атағын алып, спортты тастадым, бұл кейіннен әскери кафедраға түсуге оң әсер етті.Әскери кафедраға БҚАТУ-да оқып жүргенде түстім. Үміткерлердің жақсы оқу үлгерімі мен спорттық дайындығы болуы керек еді. Университетте үздік оқуым үшін президенттік стипендияға ие болдым. Әскери кафедрада оқып жүргенде Қарағанды облысындағы «Спасск» полигонында өткен «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар слетіне іріктеуден өттім. Ол маған әскери істердегі дағдыларын кеңірек дамытуға мүмкіндік берді. Слет кезінде алғаш рет қолыма Калашников автоматын алып, бірінші оқтан кейін құлағымда шырылдағаны әлі есімде. Бізге 10 раунд және нысанаға жету үшін уақыт берілді. Түсірілім бітіріп, жан-жағыма қарасам, ең соңғысы екенмін. Кейінірек бекер талпыныс жасамағаным белгілі болды. Өйткені тиісті 100 ұпайдың 91-іне қол жеткізіппән. Сол арқасында біздің кафедра қатысушылар арасында бірінші орынға шықты. Бұл әскери кафедрамен байланысты есте қалған ең жарқын естеліктердің бірі. Әскери кафедраны «запастағы лейтенант» шенімен бітірдім.Менің өмірімдегі тағы бір ұмытылмас оқиға – мен үшін алғаш рет Еуропаны ашқан Академиялық ұтқырлық бағдарламасына іріктеу. Осы бағдарлама бойынша Польша университетінде оқыдым. Тренинг ағылшын тілінде өтті. Мереке күндері Еуропаның көптеген елдерін аралаудың сәті түсті. Ең есте қалатын қала көп ғасырлық мәдениеті мен тарихы бар Рим болды.Университетті бітіргеннен кейін тіл мектебінде ағылшын тілі мұғалімі болып жұмыс істедім. Кейін тәжірибе жинақтап, өзімнің ағылшын мектебім ашуды ұйғардым. «Baker Street» (@baker_street7 (Инстраграм) деп атадым. Биыл үшінші жыл осы саладағы жұмысымды жалғастырып жатырмын.Сондай-ақ, жоғарыда аталған бағдарламалардың ешқайсысына жеке қаражат жұмсалмағанын атап өткім келеді. Барлық шығындарды мемлекет көтерді. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан өте жақсы қолдау бар. Сондықтан өскелең ұрпаққа барынша бәсекеге қабілетті болып, түрлі дағдыларды дамытып, мүмкіндікті пайдаланып, ешбір жағдайда оны жіберіп алмауларына тілектеспін.Менің жолым әлі біткен жоқ, алған тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асатын көптеген жоспарлар мен мақсаттар алда. Осы айтулы мереке Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтауымды қабыл алыңыздар!-деп егемен ел берген игілікті көрген Альфия Рашидқызы.Бір байқағаным, егемен елдің ұландарында алдағы күннен еш қорқыныш жоқ. Жақсыны көрмекке деп тек алға қадам басуда. Қай салада болсын, өз білген-түйгендерін кәдеге жаратып, кейінгі толқынға үйретіп келеді. Иә, Альфия айтқандай «менің жолым әлі біткен жоқ» деген жастар барда алар асу, бағындырар белес аласармайтыны анық.
Раушан Жанатқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz