Казталов аудандық Алма Оразбаева атындағы білім ордасында танымал журналист, “Құрмет” орденінің иегері, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының және “Парламент сөзі” арнайы сыйлығының лауреаты, Казталов ауданының құрметті азаматы Темір Құсайынды еске алу кеші және “Егеменнің” Темірі” атты кітаптың таныстырылымы өтті.

Шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев, журналист, ақын, “Егемен Қазақстан” газетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі Қазбек Қабжанов, Темір Құсайынның ұлы Қуаныш Темірұлы, Темір Құсайынның бауырлары Мирлан Нағымұлы, Нұрлан Нағымұлы, мекеме басшылары қатысты.
Кеш шымылдығы Темін Құсайыновтың өмірі мен шығармашылығына арналған Қадыр Мырзалиевтің атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының видео ролигімен ашылды.

Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы қаламы қарымды, рухы биік Темір Құсайынов туралы сөз сөйлеп, еске алды.

Кеш барысында журналист, ақын, “Егемен Қазақстан” газетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы, ағасы ретінде сыйласқан еңбек ардагері Уәлиолла Әбішев, бауыры Мирлан Нағымұлы, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, Ауыл айнасының тілшісі Қыдыр Харесұлы Темір Құсайыновтың өмір жолы мен еңбек мұрасы жайлы естеліктер айтылып, ол қалам тербеген кезеңдер, журналистика саласындағы өнегелі істері ерекше атап өтіп, тек журналист емес, ұлт руханиятына еңбегі сіңген қайраткер екенін баса айтты.
Шара аясында “Егеменнің Темірі” атты кітаптың таныстырылымы да өтті. Жинақта Темір Құсайыновтың мақалалары, замандастарының естеліктері мен ол туралы жазылған зерттеу материалдар топтастырылған. Кітап – оның шығармашылық жолын бағалайтын оқырман үшін құнды мұра.

Мұрат Ахметовтің орындауындағы “Біздің елдің жігіттері” әні, Ботакөз Мақатовтің орындауындағы “Әкешім асыл адам” әні, Оралхан Ерғалиевтің орындауындағы “Асыл аға” әні қатысушылардың ыстықтық ықыласына бөленді.

Кеш соңында темірдей тұғыр, рухани мұраны жинақтап, кітап етіп шығаруға атсалысқан журналист, ақын, “Егемен Қазақстан” газетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлына тұлпар мінгізді.
Гүлнұр Сәуірғалиқызы,
Казталов ауданы