Сырым ауданында өңірінде жыл санап мал басы өсе түсуде. Бұл әрине, көңіл қуантады, әрі халықтың тұрмыстың хал-ахуалының да жақсара түскендігінің дәлелі. Дегенмен, мал басын көбейте түсу үшін қоғамда ветеринариялық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау, малдарды екпеден уақтылы өткізе білу өзекті мәселе болмақ.
Аудан көлемінде мал арасындағы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жоққа шығаруға әсте болмайды. Яғни, олардың арасында ауру белгісі табылған малды санитарлық союға тасымалдау, бұралқы иттерді жою, эпизотиялық ауруларға қарсы алдын алу шаралары, малдарды бірдейлендіру сияқты маңызды жұмыстарды атар едік. Десек те, аудандық ветеринариялық станса директорының міндетін уақытша атқарушы Армат Журалиевтың (суретте) көңілін осы бағытта кейбір мәселелердің жиі мазалайтындығын білдік.
Облыстық ветеринария басқармасымен келісіліп бекітілген бағаға сәйкесті мамандар тұрғындардың шақыртуларына орай малдарына дәрігерлік көмектер көрсетеді. Ал олардың арасында аусыл, қарасан сияқты ауруларға екпе салу, қан алу жұмысы тегін көрсетілмек. Жұмыс ырғағы осылай болса да тұрғындар арасында малынан уақытылы қан алдырмайтындар, ауру малын қорасында жасырын ұстайтындардың кездесуі ауру белгісінің күрт өршуіне басты себепкер болуда.
Айта кету керек 2022 жылдың бас кезінде аудан көлемінде белгісіз аурудың ошағы табылып, халықты әуре-сарсаңға салды. Ірі қара малының аяғы ақсап, аузынан сілекей ақса, қойда дене қызуы көтеріліп, аяқтан баса алмай қалды. Мал арасында шығын белең алды. Жұқпалы індет Бұлдырты, Талдыбұлақ, Сарой ауылдық округтерінде кездесті. Ауру малдардан сынамалар алынып, зерттеу қорытындысына сәйкесті жұқпалы індет ринотрахеит екендігі дәлелденді.
Екпе салу, емдік шаралары жасалуы нәтижесінде ауру ошағы жойылды. Армат Журалиевтың айтуынша, биыл ауданда аусыл ауруына қарсы 121 800 ірі қараға, 220 700 қой, ешкіге вакцина бөлінген. Ал аудан көлемінде жиі кездесетін ауру ошақтары сібір жарасы, қарасан, құтыруға да тиісті вакциналар бар. Бүгінгі күннің алаңдатарлық мәселесінің бірі ірі қара арасында бруцеллездің белең алуы болмақ. Мәселен, жылдағы қалыптасқан дәстүрге сәйкесті бруцеллезге қарсы малдан қан алу жұмысы ақпан айынан басталып, маусымға дейін жүргізіледі. Әдеттегідей, малдан қан алдыруда түсінбеушіліктер қалар емес.
Жазғы өріске малдан уақтылы қанын алдырмастан қосып жіберу, малды ретсіз тасымалдау, ауру малды жасырын ұстау жағы тұрғындарда жиі кездесетіндігін сала басшысы қынжыла айтады. Ал осындай келеңсіздік, салғырттық нәтижесінде ірі қара арасындағы бруцеллез ауруы Жосалы, Бұлдырты, Жымпиты ауылдық округтерінде жиі кездесіп, көптің алдын бастауда.
Аудан бойынша көптің көңілін алаңдататын жәйіттің бірі мал сою нысаны мен елді мекендердегі мал қорымының тиісті деңгейде жұмыс атқармауы. Мысалы, Жымпиты, Бұлдырты ауылдық округінде мал сою орыны болса да ол жұмысқа қосылған емес. Ал тиісті қаржының мардымсыздығы белгілі бір құзырлы орынның жұмысты міндетіне алмауы себепті мал қорымдарының жағдайы да мәз емес. Осы жұмыстардың жіті бақылауда болмауы, әркімнің малды белгіленбеген орында союы, мал қорымының қадағалаусыздығы кейбір аурулардың өршімесіне кім кепіл болмақ?!
Осы жағы да тиісті сала басшыларын ойландырғандығы жөн. Бастысы тазалық болып малың екпеден өткізілсе қауіптің де болмасы анық екендігін әркімнің түсіне білгендігі абзал.
Мүсірбек Айташев,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz