Бүгін аудан әкімі Тимур Шиниязов, орынбасары Асхат Молдағалиев пен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Асылбек Қамашев Қамысты ауылдық округіндегі "Eco Club" ЖШС-нің басшысы Бауыржан Сабанов пен "Елнұр" шаруа қожалығының жетекшісі Бейбіт Даумовтың егін алқаптарына барып, жұмыс барысымен танысты.
Аудан әкімдігінің келген бойы сол екен, олар да егістік арасынан табылып, жоспарларымен бөлісті.
Аудан әкімі Тимур Серікұлы: -Мен тыңдауға келдім. Ұсыныстарыңызды айтсаңыздар, мәселелеріңізді жеткізсеңіздер қолдауға әзірмін. Мал шаруашылығы даму үшін азық керек. Мал азығының күрмеуі шешілуі қажет, - деді өз сөзінде.
Бейбіт Даумовтың айтуынша, өткен жылдармен салыстырғанда егінде өсу бар. Былтыр 100 гектарды құраса, биыл 200 гектар арпа егіп отыр. Бауыржан Сабанов болса, 200-ден 350 гектарға қадам басып, судан шөбіне арналды дейді. Дегенмен, айналамызға қарасақ, бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді. Егін алқаптары бірден "ғажайыптар әлемі" атанып кетеді деу де ойға қонымсыз...Ойланып тұрған кезде:
-Шаруалар білім үйрену керек. Шет елдерге барған сапарларым тек осыны аңғартады. Жай малдың соңында жүре бермей, олар не жейді, не ішеді, жегені құнарлы ма, бойына сіңімді ме деген сұрақтың төңірегінде ойлана білуі керек. Ауыл, мал, егін шаруашылығын ғылымға айналдырған жөн,- деген Бауыржан Сабанов артта қалған жылда 15 центнер азық жинағанын, бүгінгі таңда оны көбейте түсу турасында әңгіме өрбітті.
Егін егуде күдік пен үміттің қатар келері хақ. Себебі еселі еңбектің ақталмай қалуы бір сәтте. Мал мен киік таптап кетсе, барлығы еш. Оның үстіне су тапшылығы мен электр жүйесінінің жетпегенін қосыңыз. Шаруалар жыл өткен сайын жердің құнары азайып жатырғанын да жасырмай айтты. Ол үшін бірқатар жұмыстарды күнтізбеге енгізіп, жұмылып атқару керегі мәлім. Осы орайда аудан әкімдігі демеуге дайын екенін жеткізді.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz