18.03.2025, 22:30
Оқылды: 184

Егіндібұлақ – ұлттық спорттың ордасы

Бәйтерек ауданында ұлттық спорттың дамуына айрықша үлес қосып отырған ауылдардың бірі – Егіндібұлақ ауылы. Мұндағы жас ұрпақ бес асық, асық ату, қазақ күресі, гір тасын көтеру, арқан тартыс сияқты спорт түрлеріне ден қойған.

IMG-20250316-WA0021
Ауылдық округтің спорт әдіскері Манарбек Кенжеғалиевтің айтуынша, ауыл жастары ұлттық спортқа ерекше қызығушылық танытып, аудандық жарыстарда жүлделі орындарға ие болуда. Ұлттық спортты насихаттау мақсатында айына екі рет жарыстар өткізіліп, сәуір айында тазы мен тай жарысын ұйымдастыру жоспарланған.

IMG-20250316-WA0032
Ұлттық спорттың дамуына ерекше үлес қосып жүрген тағы бір жан – Мұрат Сағынов. Ол 1997 жылдан бері Егіндібұлақ мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп келеді. Бала күнінен асық атып, тоғызқұмалақ ойнап өскен ол бүгінде шәкірттерін осы ойын түрлеріне баулып, облыстық жарыстарда жүлде алуына ықпал етуде. Шәкірттері арасында Паша Данилов, Костя Данилов, Иван Бондаренко, Дәурен Убаев, Наурызбек Ақтаев сияқты жастар асық атудан, Ульяна Маслова тоғызқұмалақтан жүлделі орындарға ие болған.

IMG-20250316-WA0024

Десе де, ұлттық спортқа қолдау қажет. Ауыл әкімдігі жарыстарға бару үшін жанармай шығынын өтесе де, тұрақты демеушілік жоқ. Асық атуға арналған арнайы ковролин кілемдерінің жетіспеуі де дайындыққа кедергі келтіруде. Егер ауданда асық ату федерациясы құрылса, ұлттық спорттың дамуына үлкен серпін берер еді,- дейді Мұрат Тілекұлы.
Егіндібұлақтағы ұлттық спорттың дамуы өзге ауыл-аймақтарға үлгі боларлықтай. Бұл – қазақтың байырғы мұрасына деген құрмет пен жанашырлықтың жарқын көрінісі. Ұлттық спорт күні құтты болсын!

Салтанат Серікбайқызы
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале