20.06.2022, 15:15
Оқылды: 237

Егіндікөлдік түлектердің елге сыйы

Өткен сенбі күні Егіндікөл ауылында көпшілікке үлгі болатындай тағылымды шара өтті. Егіндікөл мектебін 1992 жылы тәмамдаған түлектер 30 жылдық кездесулерін алтын бесік - ауылдарында өткізіп, игі шараларға мұрындық болып, ауыл халқын зор қуанышқа бөледі.

 Егіндікол (8)

Алтын діңгек - туған жерлерін аңсап жеткен түлектерді ауыл шетінен ән-жырмен күтіп алған Егіндікөл ауылдық округінің әкімі Ермек Сайнов бастаған топ, ақ дәм ұсынып, «Қош келдіңіздер!» айтты.

Туған жерді құрметтеудің үлгісін көрсеткен тағылымды шара ауылға кіреберістегі «Егіндікөл ауылы» атауы жазылған арнайы белгінің ашылуымен бастау алды.

Арнайы белгінің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген округ әкімі Ермек Сайнов түлектерге алғыс айтып, алғыс хат табыстады. 30 жылдық түлектердің жетекшісі болған ұстаздары Бақтылы Кереева, Дина Қожыбаевалар ауыл азаматтарының туған жеріне келіп, жерлестеріне тарту жасап, мерекелік шара үшін алғыс айтты.

Егіндікол (11)

1992 жылғы мектеп түлектері атынан сөз сөйлеген Сапарбек Сердалин, Берік Қабашев, Жаңылсын Боранбаевалар сағынышқа толы тілектерін жеткізіп, туған жердің гүлденуіне үлес қосу перзенттік парыз екендігін атап өтті.

Мерекелік шарада Егіндікөл мектебінің 30 жыл бұрынғы түлегі Самат Қаженов ауылдағы аз қамтылған отбасы балаларына арнап, 20 дана аяқ киім тарту етті.

Түлектер тартуы болған «Егіндікөл ауылы» атауы жазылған белгінің лента қию рәсімін округ әкімі Ермек Сайнов пен 30 жылдық түлектер атынан Сапарбек Сердалин, Берік Қабашев жүргізіп, салтанатты түрде ашты.

Егіндікол (10)

Ауыл халқының ризашылығына ие болған түлектер шарасында «Жолыққан қандай жақсы», «Ауылым» әндері мен «Адай» күйі орындалды. Сонымен қатар барша егіндікөлдіктердің жүрегіне жол тапқан Гүлзира Серғазиеваның «Егіндікөл», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әндері де Егіндікөл аспанында қалықтап, үлкен-кіші қосыла орындады.

Ауыл халқына мерекелік көңіл күй сыйлаған түлектер шарасының бір парасы спорттық ойындарға ұласты. Алдымен 7-12 жас аралығындағы балалар арасында тартысты өткен «Бұқа тартыс» ойынында Максим Мирас жеңіске жетсе, ересектер арасындағы «Бұқа тартыста» Рүстем Өтебашов күштілік танытты. Ерлер арасындағы «Арқан тартыс» ойынында «Абай» командасы І орын алса, әйелдер арасындағы «Арқан тартыста» «Балбұлақ» командасы жеңімпаз атанды.

Көрермендер қызыға тамашалаған ат үстіндегі  «Аударыспақ» ойыны нәтижесінде Оралбек Қуанышев қарсыластарынан басым түсті. Білекті де жүректі егіндікөлдік 16 жігіттің арасында өткен қазақша күресте қарсыластарын тізе бүктірген Бейімбет Әміреев «Егіндікөл барысы» белдігін жеңіп алды.

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале