24.05.2017, 17:46
Оқылды: 47

Егістікте еңбек қызуда

Borli egis egu   Бөрлі ауданында көктемгі далалық жұмыстар қызып жатыр. Ауа райының ызғарлы боп тұрғанына қарамастан егіс даласында қарбалас тірлік, темір тұлпарлар тыным таппауда. Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Алтынбек Бексеитовтың айтуынша, диқандардың 25 мамырға дейін дәнді және азықтық дақылдарды егіп болуға мүмкіндіктері бар.


    Биылғы жылы аудан диқандары барлық дақылдарды қоса есептегенде 51,36 мың гектар жерге егіс егуді жоспарлап отыр. Соның ішінде дәнді дақылдар 7,7 мың гектарға егілмек. Ал былтырғы жылғы күздік дақылдар 5,1 мың гектар болса,  майлы дақылдар 7,7 мың гектар, мал азықтық дақылдар 30,4 мың гектар алқапқа егілмек. Көп жылдық және біржылдық шөптер 5,4 мың гектарды құрамақ. Алтынбек Климұлы айтқандай, биылғы жоспар бойынша меншіктің барлық түрін есептегенде 350 гектарға картоп, 170 гектардың үстінде көкөніс отырғызылмақшы. Аудан шаруаларына қажетті тұқым қоры жеткілікті.

    Мәселен, жазғы дәнді дақылдарды егуге 1319 тонна тұқым қажет болса, қазір қамбада 1765 тонна бар. Сол секілді майлы дақылдар үшін 127 тонна тұқымның қажеттілігі болса, қамбаға 235 тонна жиналған. "Ауа райы қолайлы болып, диқандардың еңбегі еселі болса, жоспардан артық егін егуіміз ықтимал. Мал азықтық дақылдардың тұқымның қажеттілігі 84 тонна. Қолымызда артығымен 146 тонна бар. Картоп тұқымымен де 100 пайыз қамтылған", - дейді бөлім басшысы. Тұқым материалдарының кондициясы тексеріліп, талапқа сай боп отыр. Сондай-ақ биыл 50 мың гектар алқапқа егін шашу жоспарланған. Бүгінде ылғал сақтау әдісін қолдану арқылы алқаптың 30 пайызына ылғал жабылған, бұл алқаптың 6436 гектарын құрайды. Ағымдағы жылы ауданда көктемгі далалық жұмыстарды жүргізуге арзандатылған 1205 тонна дизель отыны бөлінді.

Ясипа РАБАЕВА

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале