10.12.2020, 15:40
Оқылды: 31

Екі ауыл байланыс аясында

Ұялы байланыстың күнделікті тірлігімізге дендей енгені соншалық, желі жоқ жерге сапарлай қалсақ, судан шығарылған балықтай тұншығып, тынысымыз тарылып қалады. Ал байланыс аясынан тыс ауылдардағы тұрғындар шөмеленің төбесі, үйдің шатыры мен терезенің тұсынан желінің таяқшаларын аулап әлек. Жылжабардағы жақсы жаңалығымыз – Ақжайық ауданындағы екі ауыл, атап айтсақ, Қарауылтөбе мен Жамбыл ауылдарына енді сапалы байланыс орнап, ауылдастар ғаламтордың шартарабын шарлауға мүмкіндік алды.

C420B617-1CC5-436C-9480-AC6586A44A8E

Індеттің салдарынан оқушылар мен студенттер қашықтан білім алып, мұғалімдер қызметін онлайн жүргізуге мәжбүр болған бүгінгі күні – көптен күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселенің түйіні тарқағаны көпті қуантты.

Қарауылтөбеде байланыстың, интернет жылдамдығының нашарлығынан оқушылар мен студенттер, ұстаздар қауымы бірақ қиындық көрді. Ғаламторға қосылудың мүмкіндігін іздеген олар ауылдан 2-3 шақырымға дейін алыстап кететін. Ауылдағы байланыстың сапасын арттыру мақсатында округ әкімі Жәнібек Әбіров мобильді байланыс операторларының бірқатарына желінің жұмысын жақсарту жайын қаузап, хат та жазған болатын. Дегенмен, ұялы байланыс кеңістігін жаулап алған мекемелер қай ауылдың жағдайын хат жазған бойда жақсарта қойсын. Артынан осы мекемелердің табалдырығын тоздырып, мәселені аяғына дейін жеткізетін адам керек болды.

«Осы тұста ауылымыздың тумасы Дастан Ихсановтың қолдауын молынан сезіндік. Біздің аяғымыз жетпеген жердің бәріне барып, тиісті адамдармен қарым-қатынас орнатып, ауылымызға ең жоғары жылдамдықтағы интернеттің жетуіне  бар күшін салды. Негізінен, бізде ұялы байланыс осыдан 5-6 жыл бұрын орнатылған. Дегенмен, оның желі тарату қауқары шамалы болатын. Beeline-ның операторлары 4G жылдамдықты интернет тарата алатын құрылғыны орнату үшін жеке тұрғындар пайдаланып отырған желі жылдамдығын күшейтетін құралдарды айыру қажеттігін айтты. Мұндай құралдарды орнатқан үй иелерімен хабарласып, мән-жайды түсіндірген соң, бір ауыз сөзге келместен, дереу ажыратты. Осылайша 4 айға жуық уақыттың ішінде Beeline-ның 4G жылдамдықтағы ұялы интернетіне қол жеткіздік», – дейді округ әкімі Жәнібек Иғалиұлы.

Осындай қуанышқа күре жолдан қашықта орналасқан Жамбыл ауылының тұрғындары да кенелді. Ауылдың шетіне орналасқан мұнара арқылы осындағы барлық үй адамдарының жылдамдығы жоғары интернетке қосылуға мүмкіндік алды. Сол кезде ауылдық округ әкімі болған Ерболат Мұхтарұлы ұялы байланыс операторларының БҚО бойынша филиалдарымен хабарласып, мәселенің шешілуіне көмек сұрапты. Мамыр айында Жамбыл ауылына келген "KCELL" АҚ-ның өкілі Нұрлан Тажмұханов жағдайды толық барлап, жыл соңына дейін телефондарға жан бітіруге уәде берді.

Аудан әкімдігінің ғимаратына қондырылған желі тарату құрылғысының қауқары 5 шақырымға жетеді. Осының арқасында бұрын «байланыс аясынан тыс жердегі» жамбылдықтар 3G жылдамдықты интернетке қосылды.

Әсем Есбек,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале