Кеше облыс орталығы Орал қаласында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтілді. Өңір басшысы Ғали Есқалиев салтанатты жиында ауыл шаруашылығы саласында жеткен жетістіктерге жіті тоқталды.
- Ауыл шаруашылығы – азаматтарымыздың өмір саласына тікелей әсер ететін экономиканың басты салаларының бірі. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында бүгінде аграрлық сектордың көрсеткіші жылдан жылға артып келеді. Бүгінгі таңда агроөнеркәсіп кешені саласында өңірімізде 50 мыңға жуық адам еңбек етуде. Сіздердің нәтижелі еңбектеріңіздің арқасында диқаншыларымыз рекордтық деңгейде өнім жинап, ел-жұртты қуантып отыр. Ауыл шаруашылығы саласындағы жоғарғы көрсеткіштерге жетуіміз – ауыл еңбеккерлерінің, Сіздердің еңбектеріңіз! Біздің берекелі аймақтың ырысын арттыру жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын, - деді облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы.
Мерекеге орай ауыл шаруашылығы саласында өнімді еңбек етіп жүрген бір топ азамат марапатталды.
Соның ішінде «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен Ұзынкөл ауылдық округіндегі «Ғазез» шаруа қожалығының басшысы Серік Дәулетов марапатталса, Борсы ауылдық округіне қарасты Тегісшіл елді мекеніндегі «Закай» шаруа қожалығының жылқышысы Жасұлан Закаев «Үздік жылқышы» аталымына ие болып, оған облыс әкімінің дипломы табысталды.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz