22.06.2021, 9:33
Оқылды: 23

Екі соғысты бастан кешкен

Бөпенияз Исқақұлы 1914 жылы Жымпиты ауданының Қособа ауылында дүниеге келген. Әке-шешесі оны бала кезінде ауыл молдасына ескіше оқуға берді. Ол Құран сүрелерін жатқа біліп өсті. Бұғанасы қатпай жатып, еңбекке араласты. 1932-1935 жылдар аралығында кеңес әскері қатарында болды. Елде еңбек етіп жүргенде 1939 жылы ақ финдермен арада соғыс басталып, соған  қатысты. Сол соғысты аяқтап, енді елге оралайын деп жатқанда оны 1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысына қатысуға алып қалады.

F144EAEE-6478-4F80-B01C-47CBBB50ED34

Ұлы Отан соғысында генерал К.Рокоссовскийдің армиясына алынып, Воронеж, Орел, Брянск, Курск қалаларын, Польша, Чехословакия, Румыния елдерін азат етуге қатысты. Фашистермен нағыз қиян-кескі шайқас Курск доғасында болды. Осы ұрыста Курск қаласы жау әскерінен азат етілді. Кеңес әскерлері доға тәріздес шеп құрып, жау әскеріне шабуыл жасағанда Бөпенияз  қарулас жолдастарымен бірге шайқасты. Қанды майдан жорықтарын бастан кешіп, соғысты Берлин қаласында аяқтады. Жаумен шайқаста көрсеткен ерлігі үшін армия қолбасшысы, генерал К.Рокоссовскийдің өз қолынан «Ерлігі үшін»  медалін алған.      

Соғыс біткесін оны сол кездегі одақтың астанасы – Москва  қаласын қалпына келтіру жұмыстарына жібереді. Осы жұмыстан 1947 жылы босап, елге оралады. Елге келгесін соғыстың зардабын тартып тұралаған совхозда әртүрлі жұмыстар атқарды. Үйлі-баранды болғасын, совхоздың ірі қара малын бақты. Бір сөзбен айтқанда, туған жері Қособа ауылының экономикасын көтеру жолында аянбай еңбек етті. Еңбегі бағаланып, бірнеше рет мақтау қағаздарымен, алғысхаттармен марапатталған ол 1974 жылы зейнеткерлікке шықты. Зайыбы Ұлболсын екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Немере-жиен сүйіп, ел алдында беделді атаана атанды.

Қан майданда жаумен жан алысып, жан берісіп шайқасқан Бөпенияз Исқақов ақсақал 1999 жылы 85 жасында өмірден өтті.

Нұрым Нұрманов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале