Бүгінгі қоғамда жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру, өз ойын ашық әрі дәлелді жеткізе білуге үйрету – уақыт талабы. Осы тұрғыда дебат ойындары – логикалық ойлауды дамытатын, жауапкершілік пен көшбасшылық қабілетті шыңдайтын ерекше тәрбие құралы. Ал экологиялық тақырыптағы пікірсайыстар жастарды табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға жанашыр болуға тәрбиелейді.
Осындай мақсатта Ақсай қаласы әкімі аппараты мемлекеттік мекемесінің «Ақсай қаласы бойынша экологиялық мониторинг қызметі» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында, «Ақсай-Қамқор» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен экология тақырыбына арналған дебат ойындары өткізілді.

Шараға Бөрлі ауданындағы техникалық және кәсіптік білім беретін Бөрлі және Ақсай техникалық колледждерінің үздік пікірсайысшылары қатысты. Олар: «Көк бөрі», «Экосила» және «Логос» командалары \Бөрлі колледжі\, «Дәстүр», «Жасыл жер» және «Бірлік» командалары \Ақсай техникалық колледжі\.
Студенттердің экологиялық сана-сезімін арттыру, табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті қалыптастыруды көздеген ұйымдастырушылар тартысты өткен пікірсайысты келесі бағыттар бойынша өткізуді ұсынды: «Әр адам табиғат үшін жауапты», «Экологиялық білім – болашаққа бастар жол», «Пластикті қолдануға шектеу қою қажет».
Пікірталас барысында жастар экологиялық мәселелерге қатысты өз көзқарастарын сенімді жеткізіп, қоғамдағы өзекті мәселелерге ерекше сергектікпен қарады.
Пікірсайыс турнирінің қорытындысы бойынша «Әр адам табиғат үшін жауапты» тақырыбы бойынша Парламент фракциясынан І орын «Көк бөрі» командасы (Бөрлі колледжі), ІІ орын «Бірлік» командасы (Ақсай техникалық колледжі), оппозиция фракциясынан І орын «Экосила» командасы (Бөрлі колледжі), ІІ орын «Жасыл жер» командасы (АТК), «Экологиялық білім – болашаққа бастар жол» тақырыбында І орын «Дәстүр» командасы (Ақсай техникалық колледжі), ІІ орын «Логос» командасы (Бөрлі колледжі) иеленді.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға «Ақсай-Қамқор» қоғамдық бірлестігі атынан естелік сыйлықтар мен дипломдар табысталды. Ерекше көшбасшылық қабілеті мен шешендігімен көзге түскен Бөрлі колледжінің студенті Есенгелді Батырхан «Үздік капитан» аталымымен марапатталды.
Айжарық НҰР
Бөрлі ауданы