Биылғы жыл Казталов ауданында мал өсірген ағайын үшін қолайлы десек артық болмас. Қыстағы қардың суы сай-саланы толтырса, көктемде жауған жауын маусым айы басталғанша бір толастамады. Қазақ айтқан: "Бес қонақ", "Құралай" мезгілдері өз мінездерін көрсетіп-ақ бақты. Жерге құт жауып, айналаны көк майсаға бөлеп тастады. Бір əдемі көрініс.
Ырысты жылды мүмкіндігінше толық пайдаланған казталовтық шаруалар мал азығын жинауда жаңа заманауи технологияларды жүзеге асыруда. Нақтырақ айтсақ, аз ғана жерге екпелі шөп егіп, мол өнім алуды көздеген. Жалпы аудан бойынша біраз шаруашылықтар суы мол өзен-көлдерді жағалап, екпелі, көпжылдық шөптерді егуді қолға алуда.
Аудандық кəсіпкерлік жəне ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мəліметіне сүйенсек, жалпы аудан бойынша 1200 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдарын егу жоспарланса, күні бүгінге 15 гектарға картоп, 50 гектарға көкөністер, 1000 гектарға мал азығына қажетті дақылдар егілген. Егістікпен ауданымызда 17 шаруа қожалығы айналысуда. Мұнымен қоса екпелі шөп егуге қызығушылық танытып отырған шаруашылықтар қатары көбеюде.
Нəтижелі іспен шұғылданған Бірік ауылдық округінің "Қайрат" шаруа қожалығы. Шаруашылық тізгінін ұстаған жаста болса жігерлі Əділхан Əділжанұлы Зайнушев. Осыдан екі жыл бұрын Əділхан əкесі Əділжан ағамыздың ақылымен 35 гектар жерге көпшылдық, екпелі еркек шөп (житняк) еккен болатын. Əліптің артын баққан шаруалар биылғы жауын-шашыны мол жылда мол өнімге кенелмек.
Аудандық кəсіпкерлік жəне ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпановпен бірге Əділханның екпелі шөп өскен шабындық жеріне барып, егістікті өз көзімізбен көріп қайттық. Ат шаптырымдай аумақтағы екпелі шөптің шығымы жаман емес.
Сапарымыз барысында Сарыөзен бойынан жер алып, былтырғы жылы 1 гектар жерге көпжылдық жоңышқа шөбін еккен Заңғар Салаватовтың шабындығына да соқтық. Заңғар бітік шыққан жоңышқаны шабуға дайындалып жатыр.
Міне, өзіміз куə болғандай, Казталов ауданының шаруалары жауын-шашынға тəуелді пəленбай мың гектар жерді шабудың тиімсіз екеніне көз жеткізіп, аз ғана жерде суармалы, көпжылдық шөп егіп, мол өнім алуға болатынын түсінгендей.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz