Тасқала ауданы, Мереке ауылдық округінде ауыл әкімі Мэлс Нәріковтің төрағалығымен жиын өтті. Оған, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балыков, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Едіге, сондай-ақ, зейнеткерлер мен еңбек ардагерлері қатысты.
Жиын барысында кеңес төрағасы Едіге баяндама жасап, ардагерлер кеңесінің жыл бойы атқарылған жұмыстарын тілге тиек етті және алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды. Одан әрі сөз алған Жәрдемғали Абылғалиұлы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, оны кейінгі ұрпаққа насихаттау бағытында үлкендердің атқарар рөліне тоқталды. Аудан көлемінде атқарылып жатқан игі істерді де саралап өтті. Ал, ауыл әкімі Мэлс Жасанғалиұлы ел ағаларын қандай жұмыс болмасын ел болып бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып ауызбіршілікте еңбек етуге шақырды. Ауылды абаттандыру мен көгалдандыру, жол салу бағытында да атқарылатын жұмыстарды тілге тиек етті.
Жиын барысында үлкендер өздерін толғандырып жүрген сауалдарын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Гүл Нұр,
Тасқала ауданы