Дәрігер мамандығы – мамандық атаулының ішіндегі ең ұлысы. Дәрігерлер - уақытпен санасуды білмейтін, адам жанының арашасы. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан абзал жандар қаншама. Солардың бірі - Гүлнар Мүтиғоллақызы Сапақова. Ол 1960 жылы 29 қыркүйекте бұрынғы Фурманов ауданы, Қараөзен совхозында дүниеге келген. 1977 жылы орта білім беру мектебін бітіргеннен кейін, 1980 жылы Ақтөбе Медицина институтының «Емдеу ісі» бөліміне оқуға түсіп, 1988 жылы оқуын аяқтаған.
Алғашқы еңбек жолын 1990 жылы Фурманов аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде дәрігер болып бастаған. Қай кезде де ісіне жауапты дәрігер 2006-2014 жылдары директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін жауапкершілікпен жасай білді. Гүлнар Мүтиғоллақызы дәрігер-инфекционист қызметінен басқа, қосымша әр жылдары жасөспірімдер дәрігері, методикалық кабинетттің меңгерушісі, емхана меңгерушісі, учаскелік дәрігер, балаларды қорғау жұмыстары бойынша директордың орынбасары сияқты қызметтерді абыройлы атқарды. Осы ауруханаға еңбегі сіңген Хамидолла Мұсаұлы, Лаура Қаберқызы, Гүлбарам Әлібекқызы сияқты көптеген дәрігерлермен бірге жұмыстас болған ақ халатты абзал жан өз саласының үздігі. Қызмет барысында көрген-білгені, түйгені мол Гүлнар Мүтиғоллақызы көптеген жас дәрігерлерге тәлім тәрбие беріп, ұстаздық етуден жалыққан емес.
Гүлнар Мүтиғоллақызы дәрігерлік міндетті адал атқара жүріп, әрдайым ауылдың, ауданның қоғамдық, мәдени шараларынан тыс қалған емес. Жалпақтал ауылындағы «Аналар кеңесінің» төрайымы қоғамдық қызметін қоса атқарып жүрген Гүлнар Мүтиғоллақызы - қазіргі таңда екі ұл өсіріп, немере сүйіп отырған аяулы әже. Еңбек еткен жылдары талай науқастың алғысын алған жан Гүлнар Сапақова - тек қана білікті дәрігер ғана емес, науқас жанды жылы сөзімен, мейірімді қас-қабағымен емдей алатын қасиетке ие абзал жан.
Жансая Жұмажанқызы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz