29.01.2026, 17:15
Оқылды: 93

Ел азаматының ғасыр тойы: Жоспар талқыға түсті

Жәнібек аудандық орталық кітапхананың мәжіліс залында тағылымы терең, маңызы зор келелі жиын өтті. Аудан әкімі Тимур Шиниязов төрағалық еткен басқосуға орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, қоғам белсенділері, білім саласының жетекшілері, ардагер ақсақалдар мен белсенді жастар қатысты.

619601656_1530525269077142_8692314995079278799_n

Жиынның мақсаты – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ел тарихында өшпес із қалдырған Мұстақым Ықсановтың 100 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтуге дайындық жұмыстарын талқылау болды.

Өмір жолында ірі саяси лауазымдарды абыроймен атқарған Мұстақым Біләлұлы 1975 жылы, Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалып, өңірді 11 жыл бойы басқарды. Сол кезеңде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, қазіргі облым орталығы Орал қаласының көркейіп, еңсесін тіктеуіне айрықша үлес қосты. Көзі тірісінде-ақ ел арасында аңызға айналған қайраткердің ғасырлық мерейтойын лайықты деңгейде өткізу – ел алдындағы маңызды жауапкершілік екені жиында кеңінен сөз болды.

Тимур Серікұлы өз сөзінде бұл игі іске ел болып жұмылудың маңыздылығына тоқталып, әр ұсыныс пен пікірдің құнды екенін атап өтті.

Алғашқы болып аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Миранбек Ибатов баяндама жасап, мерейтой аясында аудан көлемінде өткізілетін іс-шаралар жоспарын таныстырды. Оның айтуынша, республикалық деңгейде ақындар айтысын ұйымдастыру, сондай-ақ қайраткер есімін кеңінен насихаттауға бағытталған түрлі мәдени-спорттық шаралар жоспарланған.

Келесі кезекте аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиев сөз алып, білім саласы бойынша қолға алынатын жұмыстарға тоқталды.

– Облыстың танымал тарихшылары мен зиялы қауым өкілдері, Мұстақым Ықсанов тұлғасын дәріптеген үздік мақалалар авторлары қатысатын ғылыми-практикалық конференция өткізу көзделіп отыр,- деді ол өз баяндамасында.

Баяндамалардан кейін аудан басшысы жиылған қауымның пікірін тыңдады. Алғаш болып сөз алған ардагерлер ұйымы РҚБ аудандық филиалының төрағасы, Мұстақым Біләлұлының көзін көрген Амангелді Уәлиев қайраткер туралы құнды естеліктерімен бөлісті.

– Мұстақым Біләлұлы жөніндегі материалдар оның 90 жылдық мерейтойы тұсында жинақтала бастаған. Сол еңбектерді жаңғыртып, мерейтойды жоғары деңгейде өткізу – біздің ортақ міндетіміз. Оның өз қолымен жазған өмірдерегі әлі күнге дейін менде сақтаулы. Ол кісі талапшыл, қойған мақсатына қалайда жететін қайсар тұлға еді, – деді ол.

Ардагер сөзінің ізін суытпай, жиынға қатысушылар тарапынан мазмұнды, салмақты әрі тың идеяларға толы көптеген ұсыныстар түсті. Ұсыныстар мерейтой аясындағы іс-шаралардың ауқымын кеңейтіп, мазмұнын байытуға бағытталды.

Жиын барысында Мұстақым Ықсановтың есімі берілген колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Алиса Бакишева да сөз сөйлеп, білім ордасының мерейтой аясындағы үлесін атап өтті.

Барлық ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдаған аудан әкімі бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

– Мұстақым Біләлұлы – жерлесіміз, ел мақтанышы. Оны көзімен көрген аға буынның қатары сиреп барады. Бүгін мектеп директорларын арнайы шақырудағы мақсатым – өскелең ұрпақтың жадында арда азаматтың бейнесін жаңғырту. Бұл бағытта мектеп ұжымдары белсенді жұмыс істеуі тиіс. Сонымен қатар барлық бөлімдер бірлесе әрекет етуі қажет. Қатып қалған қағида жоқ, барлық тың ойлар зерделеніп, жоспарға енгізіледі, ұсыныстар толықтырылады, – деді аудан басшысы.

Жиын соңында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған Мұстақым Ықсановтың өмірі мен еңбек жолын танытатын кітап және сурет көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Арай Сейфолла,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале