14 наурыз күні басталған Наурызды тойлау Дариян ауылында да қарқынды. Жақсылықтың нышаны болған мейрамның мән-маңызын түсіндіріп, ұзын сарыға жеткен халықтың қуанышын арттыра түсу қазіргі таңда өте маңызды. Өйткені Наурыз адамдар арасындағы өкпе-ренішті ұмыттырып, жанашырлық пен берекеге шақыратын мейрам. Әсіресе көпұлтты еліміз үшін достығымызды, бірлігімізді, ынтымағымызды үлгі ететін осындай жарқын мерекенің маңызы зор.
Жуырда 24 ұлт өкілі тұратын Дариян ауылының мәдениет үйі қызметкерлері округ әкімшілігі, халыққа қызмет көрсету орталығы, газ шаруашылығы мекемесі және ауылдағы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына арнайы барып көрісіп, әннен шашу шашып, үлкендердің батасын алды.
Бұндай дәстүрді ауыл жастары мен қарапайым тұрғындар да жалғамақ ниетте. Ұлыстың ұлы күніне дейін халыққа шуақты көңіл күй сыйлауды мақсат еткен дарияндық ағайын бір-біріне елдің берекесі артып, бірлігі нығая берсін деген тілектерін жеткізуде.
Гүлжан Аязбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz