Казталов ауданы, Бостандық мәдениет үйінде аудандық ішкі саясат бөлімі, аудандық мәдениет бөлімі, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен “Көк тудың желбірегені” атты аудандық жас патриоттар форумы өтті.

Форумға әртүрлі салада еңбек етіп жүрген, ел мен жерге шынайы жанашыр, өз ісінің көшбасшылары - аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрсұлтан Серік, БҚО мемлекеттік архиві Жалпақтал филиалының директоры Миржан Қарабалин, Ғ.Қараш атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілім мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Ділмар» үйірмесінің жетекшісі Гүлнұр Қазбек, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Біржан Баймұханов, әр ауылдық округтің жастар жетекшісі мен жас мамандар қатысты. Форум Ұлт зиялыларының монолыгымен басталды.

Бұл шара еліміздің Тәуелсіздігін құрметтеп, болашақ жастардың бойына ұлттық сананы сіңіру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Қатысушылар мотивациялық баяндамаларын оқып, ел болашағы туралы өздерінің пікірлерімен бөлісті. Шара еркін форматтағы пікір алмасу ретінде өтті. Кездесу барысында шақырулы қонақтарға жастар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Іс-шара одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын, патриоттық тәрбие туралы, еліміздің жарқын болашағы жастардың қолында екендігін айта отырып, форумда белсенді азаматтық позицияларын жеткізіп, озық ойларын ұсынған спикерлер мен модераторға алғысхат пен естелік сыйлық табыстады. Ел жастарын тәрбиелеуде осындай мәні бар шаралардың қосар үлесі зор.
Мейірім Парасат,
Казталов ауданы
