Ақсай қаласыздағы "Қарашығанақ" спорт кешенінде грек-рим күресінен 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер, 2006-2007 жылы туған кадеттер және 2003-2005 жылы туған жастар арасында Батыс Қазақстан облысының чемпионаты өтті.

Іріктеу чемпионатына Орал қалалық №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, жекпе-жек спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі, «Бірлік» спорт клубы (Орал қаласы), «Жас батыр» спорт клубы (Орал қаласы), Мұрат Жұмашев атындағы спорт клубы (Орал қаласы), Бәйтерек, Теректі, Шыңғырлау, Қазталов және Бөрлі ауданының спортшылары боз кілемде кім мықтыны анықтады.
Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Асланбек Саркулов, грек-рим күресінен жастар арасында әлем чемпионатының жеңімпазы Артур Үмбетқалиев, Азия чемпионатының жеңімпазы, грек-рим күресінен облыстық жасөспірімдер арасында аға жаттықтырушы Айдос Баймұратов, былтыр Болгария елінде өткен әлем чемпинатының күміс жүрдегері Қанат Ғалиевтер қатысты.
Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлегендер жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, ел чемпионатында облыс намысын қорғайтын мықты спортшылар шығуын тілге тиек етті.
Жалпы, облысымызда аталған спорт түрі жақсы дамып келеді. Әсіресе, бөрлілік балғындар өзге аудандардағы қарсыластарынан көші ілгері. Бұл жөнінде грек-рим күресінен жастар арасында әлем чемпионатының жеңімпазы Артур Үмбетқалиев айтып берді.
-Осы жарыстан кейін облыс құрама командасы анықталады. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Дегенмен, Орал қаласындағы спорт-мектеп интернатының шәкірттері өз басымдылықтарын көрсетуде. Себебі, облыс бойынша жақсы спортшыларды аталған спорт мектебіне оқуға қабылдаймыз. Жыл сайын аталған білім ордасына шәкірттерді дайындап оқуға түсуіне өзге өңірлерге қарағанда Бөрлі ауданы көптеп жібереді. Грек-рим күресінің дамуы үшін жақсы жұмыс жасап жатқан екі ауданды айта аламын. Оның біріншісі Бөрлі ауданы болса, екіншісі Бәйтерек ауданы. Қалған аудандарда аталған спорт түрі кенжелеу дамып келе жатыр, - деді.
Бұл жарыста бірінші және екінші орын алған спортшылар наурыз айында Жетісу облысы, Талдықорған қаласында өтетін ел чемпионатында облыс намысын қорғайды.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz