9.12.2020, 9:21
Оқылды: 46

Ел чемпионы Бәйтерек жастарымен кездесті

Бокстан биылғы ҚР чемпионатында сенсация жасап, финалдық кездесуде Азия чемпионы, ел біріншілігін бес мәрте жеңіп алған Теміртас Жүсіповтің өзін тізе бүктірген Даниял Сәбит Бәйтерек ауданына қарасты Достық ауылының жастарымен кездесу өткізді.

D601C3BB-4812-46E4-8BD6-D0D044BB10DC

Өңіріміз сарыла күткен ел біріншілігінің алтынын иеленген спортшының Достыққа келуі тегін емес. Өйткені ауданның бокс мектебі осы Достық ауылында қалыптасып, бірсыпыра спорт шеберлері мен талай бәсекеде аудан намысын абыроймен қорғаған спортшының томағасы осында сыпырылды.

AB73EA58-6FE1-46A6-BD39-2CE8091C7AF8

Еркін кездесу форматында өткен шара барысында Даниял Сәбит өзінің осы кезге дейін жеткен жетістігі мен спорттық жолындағы қиындығы жайында әңгіме өрбітті. Сондай-ақ күні кеше аяқталған ел чемпионатында өткізген жекпе-жектері төңірегінде де айтып берді.

10D4F82A-07AE-4217-BB96-1091C506DAE7

Боксшының айтуынша, ол шаршы алаңға алғаш рет 16 жасында ағасына еріп келген. Не бары төрт ай ішінде ҚР спорт шебері нормативін орындап, 18 жасында ересектер арасында ел чемпионы атанып отыр. Бүгінде  ел алғысына бөленіп үлгерген жас алдына үлкен мақсат қойып отыр.

D5B998ED-B540-44F4-BA28-16F39D4611E3

-Ел біріншілігінің алтын медалі – үлкен спорттық жолымның басы ғана. Спорт, соның ішінде бокс босаңсығанды кешірмейді. Болашақта аға буын боксшылар салған сара жолды жалғап, Азия, Әлем және олимпиада чемпионы атансам деген арманым бар. Ол арманды жүзеге асырудың жалғыз жолы – аянбай тер төгіп, еңбек ету,-деді жас чемпион.

F0203024-1ABC-4552-A0E2-76342169AF8E

Сонымен қатар кездесу барысында Достық ауылының жас боксшылары Даниялға сұрақтарын қойды. Негізінен чемпионнан кімді үлгі тұтатыны және қандай кітаптар оқитыны жайында сұраған інілерінің сауалдарына боксшы Генадий Головкин мен Серік Сәпиевті үлгі тұтатынын айтып, соңғы уақытта жаттығудың көптігіне байланысты кітап оқуға көп көңіл бөле алмай жүргенін жеткізді.

09C7B897-3866-4771-935E-86CF08CC76D7

Кездесуге сондай-ақ Даниялдың бапкері Сәттар Сұлтанғалиев те келді. Боксшы тәрбиелеп жүрген бапкер жеңістің дәмін елге келген соң ғана сезініп жатқанын айтады.

-Бокс саласында жиырма жылдан бері еңбек етіп келемін. Осы жылдар ішінде қол астымнан талай талантты балалар өтті. Бірақ, осы Даниял шәкіртімнің орны бөлек. Аз ғана уақыт ішінде ел біріншілігін жеңіп алды. Өте еңбекқор және тәртіпті бала. Осы қалпынан таймаса, біраз белесті бағындыруға болады,-деді Сәттар Аманқосұлы.

Шара барысында жастар боксшыға ақжарма тілектерін білдіріп, ауыл ақсақалы Құмарғали Ғұбайдоллаұлы ақ батасын берді.

63A60933-CC8B-4AD4-9B36-8C28E2F43EFD

-18 жасында ел чемпионы атану – кез келген жанға бұйыра бермейтін бақ. Жастығына қарамай ел мақтаған, атағынан ат үркетін саңлақтардан айласын асырып, мықты екенін дәлелдей алған жанмен көзбе-көз көрісіп, ой бөлісу – ауыл жастарын жаңа белесті бағындыруға жетелейтіні сөзсіз. Көп жылдар бойы өңір боксшыларына бұйырмаған алтынды иеленген талапты ұлымызға аудан атынан құрмет көрсету – парызымыз. Даниялға алға қойған мақсаттарына жетуге тілектеспін,- деді кездесуге арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев.

Сондай-ақ боксшының бапкері мен Даниялдың өзіне аудан әкімінің алғысхаты мен естелік сыйлығын тарту етті.

Шарадан соң Даниял Сәбит пен бапкері Сәттар Сұлтанғалиев жас боксшыларға шеберлік сағатын өткізіп, бірнеше өтімді тәсілдерді көрсетті.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале