Жуырда Шымкент қаласында аударыспақтан 2000-2005 жылы туған жастар арасында Қазақстан Республикасының ХVII чемпионаты өткен болатын. 17 облыс пен Шымкент қаласы қатысқан чемпионатта Батыс Қазақстан облысының құрамында 74 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ақобалық Бекарыс Бейбітұлы барлық қарсыласын оза шауып, жеңімпаз атанып, ҚР спорт шебері нормативін орындады.
Осы орайда бүгін аудан әкімі Тимур Шиниязов ҚР чемпионын Бекарыс Бейбітұлы мен оның бапкері Бейбіт Ароновты қабылдады. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алтай Бақтығалиев қазақ күресімен айналысып жүрген Бекарыстың ұлттық ат спортына қалай келгенін айтып, өмірдерегіне тоқталды. Өз кезегінде аудандық ат спорты федерациясының президенті Арсен Кенжәлиев жас спортшыға алғысын білдіріп, қолынан келгенше көмек қолын созуға әзір екенін жеткізді. Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Орынбасар Ғилымов та шетте қалмай, соңғы жылдары ауданда ат спорты жақсы дамып келе жатқандығын тілге тиек етті. Оның айтуынша, ұлттық спортты дамытып, кеңінен насихаттауда Арсен Меңделейұлының қолдауы ұшан-теңіз. Аударыспақ, көкпармен кәсіби айналысып жүрген спортшыларға спорттық киімдерін алып беріп, көмегін аямай келеді. Күні кеше Шымкенттен келген Бекарысты дастархан жайып қарсылап, ауданның атымтай жомарты, «Ғазез» шаруа қожалығының жетекшісі Серік Дәулетов жас спортшыға тай мінгізді.
Аудан басшысы айтылған жетістіктерді таңданыспен тыңдап, Бекарысқа осымен тоқтап қалмай, Азия чемпионы болады деген сенімін білдірді. Сондай-ақ қазіргі таңда спорт саласы бойынша туындап отырған мәселелер немесе ұсыныс-пікірлерді білу үшін аталмыш сала бойынша тағы бір басқосу болатынын да жеткізді.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz