Өз қызметіне адал да жауапты болып, елдің игілігі үшін еңбек еткен қарапайым жандар қай жерде де бар. Олар туралы мағлұматтар іздеп, өскелең ұрпаққа насихаттауды кітапханашылар өздерінің парызындай сезінеді. Осы ретте, аудандық кітапхана қызметкерлері киелі Нарын өлкесінің төл перзенті, туған жерінің өркендеуіне өз үлесін қосқан, ауданымыздың «Құрметті азаматы», еңбек ардагері бұл күнде Алматы шаһарында тұратын, жақында «Есімде сол бір кез» кітабын шығарған Елеу аға Амановпен кездесу кешін өткізді.
Еңбек жолын зоотехниктен бастаған Е.Аманов еңбекте ісіне деген адалдығымен танылып, нәтижесінде «Искра» кеңшарында бас экономист, ферма меңгерушісі, ауылдық округ әкімі лауазымдарын абыроймен атқарған азамат. 2004 жылы берілген ауданның «Құрметті азаматы», 1986 жылы табысталған «Еңбек ардагері» атақтары соның айқын дәлелі.
Аталмыш кездесуде Елеу аға туралы осындай өмірбаяндық және басқа да танымдық деректер айтылды. Кеште Елеу аға өзінің жазған «Әлі есімде сол бір кез» кітабын таныстырып, аудандық кітапханаға табыстады. Кеште еңбек ардагері Ситемәлі Қуаншалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Таңатов ағалар өздерінің ыстық лебіздерін білдірсе, шараға қатысушы колледж студенттері өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Өз кезегінде Елеу аға жас буынға жауаптарымен қатар туған жерін аялау, Отанды құрметтеу жайында ойын айтып, патриоттық тәрбие хақында әңгіме өрбітті. Кеш соңында ұйымдастырушылар Елеу Амановқа Бөкей ордасы ауданының энциклопедиясын сыйға тартты.
«Теңізінде бұл өмірдің жүзіп келді кемесі,
Жақсылық пен жаман іске уақыт өзі төреші!
«Нарын» құмда көпті көрген Атамын
– «Үлгі болды» деп айтып жүрсін жасөспірім келесі!»- деп басталған мемуарлық туындыда оның өмірі, қызметтес болған азаматтарының, замандастарының, ауылдастарының небір адал еңбеккерлердің, қоғамыздың бастан кешкендері туралы баяндалады екен.
Лаура Мырзагереева,
аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі әдіскері
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz