Бәйтерек ауданы, Рубежин ауылынан 220 адам Ұлы Отан соғысына аттаныпты. Солардың 100-ге жуығы ғана елге оралғанымен ауылда қалып, еңбек еткендері екі есе аз. Ал майдан даласын көрген рубежиндік соңғы жауынгер Александр Старцев осыдан екі жыл бұрын дүние салды.

Рубежин ауылында болған сапарымыз кезінде бізге осындай мәліметті жергілікті өлкетанушы, тарихшы Виктор Милехин айтты. Ол осыдан бес-алты жылдай уақыт бұрын ауылдық клубтың бір бөлмесінде музей ашқан. Соның бір бұрышын ҰОС-қа арнапты. Майданмен, Жеңіспен байланысты мұнда 60 шақты жәдігер бар екен. Сондай жәдігерлердің бірі – радио динамик.

- Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен-ақ радиобайланыс қарулы күштерді жедел басқаруда және алып мемлекеттің халқын ақпараттандыруда үлкен рөл атқарды. «От Советского Информбюро» деп басталатын ақпараттар легі 1941 жылдың 24 маусымынан соғыс аяқталғанша беріліп тұрды. КСРО-дағы мыңдаған адам оны үлкен толқыныспен тыңдағаны белгілі. Мұндай жағдай біздің ауылда да болғаны анық. Бұл әлі зерттеуде қажет етеді. Ал мына радио динамик соғыс жылдары Оралдағы бағаналардың бірінде тұрған көрінеді. Ауылда музей ұйымдастырғанымды естіген оралдық бір әріптесім маған сыйға тартқан болатын. Музей ашылғалы ол мұндағы ерекше жәдігерлердің біріне айналды,-дейді Виктор Викторович.
Мұнда сондай-ақ танкист шлемі, соғыс жылдарынан қалған снаряд, майдан хаттары, жауынгердердің марапаттары, құжаттар секілді құнды дүниелер бар. «Бастапқы кездері тұрғындар ауыл тарихымен танысу үшін музейге жиі келетін еді,-дейді Виктор Милехин. - Әсіресе Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауылымыздың жағдайын сұрап қызығуышылық танытатын. Ал қазір ондай қызығуышылық жоқ. Мұнда келетіндер де жыл өткен сайын азайып келе жатқаны қынжылтады. Биыл Жеңістің 80 жылдығына байланысты бір серпіліс болар деген үміттеміз».
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы