14.09.2020, 9:14
Оқылды: 33

Ел тірегі – үлгілі отбасы

2013 жылы Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер» туралы Жарлыққа өзгеріс енгізіп, қыркүйектің екінші жексенбісін Отбасы күні деп белгілеген болатын. Биыл бұл атаулы күн 13 қыркүйекпен тұспа-тұс келіп отыр.

Жиырма жылға жуық бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан Теректі ауданының Федоров ауылындағы Мұқановтар отбасымен көпке үлгі-өнеге.

c393eeb2-690a-404b-99dd-74ef69e1db1d

1999 жылдың 4 желтоқсанында жүрдек пойызда кездейсоқ танысқан қыз бен жігіт жанұя құрамыз деп мүлдем ойламап еді. Танысқан кездерін отанасы Әсел Брекеева:

- Екеуміздің танысқан күніміз өте қызық болды. Мен Ақсайға бара жаттым. Ол Ақтөбе қаласында вахталық әдіспен жұмыс істейді екен. Танысқан кезде есімімді, оқитын жерімді ғана айттым. Ол кезде Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледже оқитын едім. Ақсай қаласына жеткен соң, өз жөніммен кеттім. Содан қаңтардан наурызға дейін өзімнің туған жерім Аңқаты ауылында тәжірибеден өттім. Осы үш айдың ішінде жолдасым мені іздеген екен. Ол заманда қазіргідей ұялы телефон мен әлеуметтік желі жоқ қой. Үш айдан соң, сабағымыз басталғанда, мені тауып алды, - деп күліп есіне алды.

Бір айдың екі аптасында жұмыс істеп, қалған екі аптасында демалатын Имаш Мұқанов асыл жарына осылайша бір көргеннен ғашық болыпты. Сабақтан шыққан уақытын асыға күтіп жүріп, сезімін білдіріп, 2001 жылы үйленуге ұсыныс жасайды. Содан бері 19 жыл өтсе де, бір-біріне деген махаббаттары өшпеген, тиісінше, артқан. Бұл жұп – бүгінде 5 баланың ата-анасы.

Имаш пен Әселдің балалары жан-жақты. Тұңғышы Ақниет Мақсотова өнер жолын таңдаған. Орал қаласында Құрманғазы атындағы саз колледжінде әлеуметтік мәдени қызмет және халықтық көркем шығармашылығы бөлімінің ІІІ курс студенті. Педагог-ұйымдастырушы, көркемөнерпаздар театры ұжымының режиссері мамандығы бойныша білім алып жатқан Ақниет актриса болуды армандайды. Колледж қабырғасында оқып жүріп, көптеген спектакльдерге қатысып жүр.

Отағасы Имаш та өнерден құралақан емес. 2002 жылы  Ақтөбе өңірінде мұнай мен газ кендерін барлау және мұнай-газ өнімдерін өндірумен айналысатын «Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы ұйымдастырған «Жігіт сұлтаны» сайысына қатысып, жүлделі І орынды қанжығасына байлаған.

Екінші қыздары Ақкүміс ағылшын тілі пәнінен Польшада өткен білім додасында І орын алған. Мектеп бітірген соң, филолог болуды мақсат тұтқан. Ақбота есімді қыздары да өнерге жақын. Ән айтып, түрлі сайыстардың  белортасында жүрген жайы бар. Жалғас және Темірхан есімді ұлдары әлі кішкентай. Дегенмен, әке жолын қуатыны анық.

b9f05776-be08-40f4-a87f-d7eab73d0f78

Отбасы туралы сөз қозғағанда Әсел Сәбитқызы:

- Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде: «Отбасы – шағын мемлекет, Мен – президент, сен – премьер", - дейді ғой. Өте дұрыс айтқан. Әр мемлекеттің өз басқару жүйесі болатыны секілді, әр отбасының өзіндік дәстүрі, тәртібі болады. Біздің жанұяда «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» қағидасы жолға қойылған. Жолдасым екеуміз осы кезге дейін бір-бірімізді құрметтей білдік. Бала – ата-анасының іс-әрекетін қайталайды. Қыздарымыз бой жетіп отырған соң, отбасы институтының үлгісін көрсеткіміз келеді. Жолдасым екеуміз әрдайым «бір-біріңе сүйеу болып, жан-жағыңа қамқор болыңдар!» деп айтып отырамыз. Өзіміз де қолымыздан келгенше мұқтаж жандарға қолұшын созып, демеуді әдетке айналдырдық, - деп ең бірінші сыйластықтың үлкен рөл атқаратынын айтып өтті.

Құдай қосқан қосағына құрметін көріп, Әселге іштей сүйсіндік. Содан соң күйеуінің бойындағы қандай қасиет жүрегін жаулап алғанын сұрадық. Әсел жан жары Имаштың анасына, әпкелері мен інілеріне деген сыйластығын, қамқорлығын көріп, риза болған. Қазіргі таңда қыздарына «Әкелерің сияқты отбасын бірінші орынға қоятын жігітке тұрмысқа шығыңдар» деп жиі айтатын көрінеді.

Өз мамандығын шексіз сүйетін Әсел үйдің де, түздің де жұмысын қатар алып жүр. Федоров қазақ жалпы білім беретін мектебінде ағылшын тілінен сабақ береді. Еңбек өтілі – 20 жыл. Бала жанының «бағбанына» айналған осы уақыт ішінде талай жетістікке жеткен.

Атап өтсек, 2019-2020 оқу жылының өзінде Польшада өткен Европалық халықаралық қашықтық олимпиададан диплом, Мәскеу қаласында наурыз айында ұйымдастырылған IV Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда І орын иеленді. Халықаралық экология, инженерия және педагогика ғылымдар академиясынан «Көшбасшы-педагог – 2019»  сертификатын алды. Былтыр қазан айында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұйымдастырған түрлі шараларға белсенді қатысқаны үшін Құрмет грамотасына ие болды. Республикалық KIO.kz дәстүрлі интернет олимпиадасының І орын жүлдегері. Сонымен қатар таяуда "Теректі" шаруа қожалығы басшысы Сержан Идиятовтың «Теректі – білім әлемі» атты жобасы аясында 2019-2020 оқу жылының қорытындысы бойынша «Жылдың үздік мұғалімі» аталамын иеленіп, 100 мың теңге сыйақыны еншілеген.

- Өмірде адам жар мен мамандық таңдаудан шатаспауы керек. Осы екі нәрсені дұрыс таңдағаным үшін өзімді бақытты сезінемін. Жұмысыңда беделді болып, отбасың нашар немесе көңіліңе қаяу түсіретін болса, жетістікке жету мүмкін емес. Менің әр ісіме, талпынысыма күйеуім үнемі қолдау танытып отырады. Аллаға сансыз шүкір, - деді балаларды үйретуден жалықпаған ұстаз.

Өнерлі жандар бас қосқан жанұяда мереке сайын үш қыздың шағын концертін тамашалау, демалыс күндері таза ауада серуендеу отбасылық дәстүрге айналған. Бұл шағын мемлекеттегі әр мүшенің туған күні тойдан кем өтпейді. Себебі, сәнін келтірер бала-шағаның талабы таудай.

Әңгімелесіп отырғанда, Әсел Сәбитқызы ата-бабаларымыздың «Атастыру» дәстүрін қолдайтынын жасырмады. Күйеу бала мен келіннің тегін, ата-анасын білгенде тұрған сөкеттік жоқ деп есептейді.

Бұл жерде ұлағатты ұстазбен толықтай келісеміз. Кезінде М.Жұмабаев: «Ата-аналар баланы тәрбиелегенде, дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені, олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі, талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн» - деп айтып кеткен.

Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Себебі, әр адам ұяда көргенін істейді. Еліміздегі әр ата-ана Имаш ағай мен Әсел апайдай тектілікке, тәрбиеге аса мән берсе, қоғам азбас еді. Қазір таяқ тастасаң, ажырасқандар мен тастанды балаларға тиеді. Мұның бәрі, өкінішке орай, отбасындағы тәрбиенің олқылығынан болып отыр.

Жалпы, әр балаға ата-анасы бір күнді ғана емес, әр күнін мәнді де сәнді өткізуге тиіс екенін үғындырған жөн. Кез келген күн өз естелігімен ерекшеленіп, отбасылы болудың жалғызбасты болудан мың есе артық екенін ұрпағымызға ұғындырсақ, келешегіміздің кемел болары хақ.

 

Аягөз Айтқалиева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале