Үйдегі берекенің бастауы, ізгіліктің, мейірім мен аналық махаббаттың тізгінін ұстап отырған әйел заты екендігі белгілі. Осыған орай Алғыс айту күні қарсаңында Тасқала ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан басшысы Талғат Шакиров мемлекеттік қызметте жүрген келіндер мен олардың екінші анасына айналған енелер қауымын қабылдады.
Аталмыш шараға көп жылдар бойы мемлекеттік қызметте болған, бүгінде зейнеткер, еңбек ардагері Раушан Мүсәлімова мен «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Жұбанышқалиева, сондай-ақ, аудан әкімі аппаратының басшысы Әсел Ибраева мен аналар кеңесінің мүшесі Дария Тұрғаналаиева қатысты.
Дөңгелек үстел басында өткен әдемі кездесуді Талғат Асқарұлы ашұып, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі мен оның маңыздылығын атап өтті.
Әсіресе, қызметте жүрген қыз-келіншектердің артында олардың отбасылары мен ата-енесі үлкен қолдау көрсетіп отырғанын ерекше атап өтіп, оларға шынайы алғысын білдірді. Ерте кетіп, кеш келетін жауапкершілігі мол жұмыста жүрген келіндерінің жағдайын түсініп, оларға қабақ шытпай қолдау білдіріп отырған аналарымыздың төзімділігі мен ерен еңбегін тілге тиек етті. Одан әрі кездесуге келген әр ана келіндерінің қызметі мен отбасы арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайтыны, қазақтың дәстүрлі отбасылық құндылықтарының маңызы туралы пікірлерін ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Олар мемлекеттік қызметте жүрген келіндерін мақтан тұтып, оларға әркез қолдау көрсетуге даяр екендіктерін жеткізді. Кездесу барысында салт дәстүрлерімізді сақтап, оларды кейінгі ұрпаққа насихаттау бағытында «Жас келіндер» клубын құру жөнінде өз ұсыныстарын жеткізді. Жиын соңында Талғат Асқарұлы шараға қатысқан барлық қонақтарға алғысын білдіріп, шоқ гүлдерді сыйға тартты. Сол күні дүниеге келген мемлекеттік қызметкерлерді де туған күндерімен құттықтап, оларға алғыс хат табыс етті.
Мұндай шаралар үлкендердің өмірлік тәжірибесін жастарға үлгі етуге, қоғамдағы отбасы мен еңбектің үйлесімділігін нығайтуға септігін тигізетіні жасырын емес.
Гүл Нұр,
Тасқала ауданы