23.09.2021, 18:28
Оқылды: 42

Ел ықыласына бөленді

Жұбан орталығында Ақжайық ауданының құрметті азаматы, «Халықтар достығы, «Знак почета» ордендерінің иегері, биыл 85 жасқа толған еңбек ардагері, жерлесіміз Ғазиз Хаймулдинмен кездесу өтті.

Меймандар алдымен Жұбан ақынның ескерткішіне гүл шоғын қойып, оның есімін иеленген орталықты аралады.

B5EB5532-233A-4B23-8616-DE553E1F5E90

Ғазиз Усағалиұлының еңбек жолы  Тайпақ (бүгінгі Ақжайық) ауданының Есенсай кеңшарында бас зоотехник қызметінен басталады. Белсенді маманға сенім артылып, ол шаруашылықтың комсомол  ұйымының хатшылығына сайланған. Осында ол еңбеккор қыз-жігіттердің басын қосқан жас шопандар бригадасын ұйымдастырып, жұмыстары облыс, республика көлемінде жоғары бағаланған. Кейіннен аудан орталығы Тайпақ, Котельников кеңшарларына басшылық жасап, елдің дамуына  зор үлес қосқан. Тайпақтағы училище, аудандық аурухана, мектептердің бой көтеруіне зор ықпалы тиген ағаның еңбегін жиналғандарға ақын Сағынтай Бисенғалиев баяндап берді.

Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов әлі де аттан түспей, ел үшін маңызды шаруалардың бел ортасында жүрген ақсақалға ақжайықтықтардың ризашылығын жеткізді. Бүгінде қайта қалпына келтіру жұмыстары басталған Азнабай-Тайпақ су арнасының жөнделуінде де ағаның ақыл-кеңесі өлшеусіз. Аудан басшысы еңбек ардагерінің иығына шапан жауып, құттықтау хатын тапсырды.

Одан соң еңбек ардагерлері Әленғали Кереев, Тілес Жазықбайлар лебіздерін жеткізді. Осындай қошемет көрсетіп жатқан ауданның басшылығы мен ұйымдастырушыларға алғысын айтқан  Ғ.Хаймолдин бір кездері өзі басшылық еткен Есенсай ауылына жол тартты. Онда Кеңсуат ауылындағы спорт алаңының ашылу салтанатында лента қию рәсіміне қатысып, жұртшылықпен жүздеседі. Содан соң Тайпақ, Алмалы ауылдарында кездесулер өтті.

Әсет Бисенғалиев,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале