Елбасы мақаласын халыққа түсіндіру және іске асыру жөніндегі шаралары туралы актив жиналысында Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков осылай деді.
Жалпы мақалаға шолу жасаған аудан әкімі Абат Шыныбеков өзінің кіріспе сөзінде «Туған жер» бағдарламасы жайлы кеңірек тоқталды.
- Бұл бағдарлама ешқандай түсінік беруді қажет етпейді деп ойлаймын. Себебі туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрінің жаңғыруына айрықша іңкәрлікпен атсалысу шынайы патриотизмнің көрінісі. Тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстан мемлекеті өзінің экономикалық әлеуетін арттыруға барынша күш салды. Жоспарлы, бағдарламалық мақсаттардың барлығы осы бағытта жүзеге асырылды. Әрине, мемлекет тек экономикалық күшеюді ойлап, мәдениетке, тарихқа, тіл мен дінге көңіл бөлінбей қалды деп айтпаймыз. Дегенмен, жас мемлекеттік рухани жақсы бір сілкінісі енді болатын сыңайлы. Елбасының мақаласы оның қалай болатынын шамалап берді,- деді аудан басшысы.
- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын маңызды саяси-идеологиялық құжат деп айтуға болады. Елбасы заманға сәйкес жаңғыру, оның ішінде рухани түлеу мәселесіне қатысты нақты жұмыстар айтылды. Мақалада айтылған таяу жылдарда орындалуы тиіс міндеттер мен тапсырмаларды орындауда «Нұр Отан» партиясының, оның мүшелерінің шет қалмайтыны белгілі. Ұлттық бірегейлікті сақтау бағытында партияның «Ұлы дала қазынасы» атты жобасы әуелден бар. Мақала мазмұнының осы жобаның мақсатымен үндес екенін осы жерде айтып кеткеніміз жөн сияқты, - дейді «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиев.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қоғамдық ұйымдардың өкілдері, баспасөз саласының басшылары пікір білдірді.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ
Сырым ауданы
zhaikpress.kz